Қазақстандықтар енді медициналық дерегін EGOV mobile қосымшасы арқылы көре алады

13.12.2022 18:01

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты

ашық дереккөзден

Қазақстандықтар өздерінің барлық медициналық дерегін EGOV mobile қосымшасы арқылы көре алады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасы арқылы жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Достар! Жағымды жаңалық! Енді қазақстандықтар өздерінің барлық медициналық деректерін EGOV mobile қосымшасы арқылы көре алады. Яғни, барлық ақпарат бір бөлімде шоғырланады. Дәрі-дәрмектерді тағайындау, диспансерлік есепке алу, медициналық анықтамалар, вакцинация, ауруханаға жатқызу, емделу туралы мәліметтер және басқа да маңызды ақпарат, соның ішінде балалар туралы ақпарат eDensaulyq бөлімінде қолжетімді болады», - деп жазды министр.

Оның айтуынша ,мұның бәрі бірыңғай медициналық сервисті құру бағытындағы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижесі.

«eDensaulyq бөлімі Қазақстан азаматтарының медициналық деректерімен толыға береді. Цифрландыру жүрген жерде ашықтық принципі қашанда бірінші орында. Біз осы қосымшаны енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын кедергілерді жоюға ниеттіміз. Бұдан бөлек, пайдаланушы қосымшада көрсетілген ақпаратпен келіспесе, онда сіз call (1406) орталығына немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Telegram-боты арқылы өтінішін білдіре алады. Осылайша, тиісті мәселелер назарға алынып, олқылықтар жойылатын болады», - деді Бағдат Мусин.