Осы уақытқа дейін жаңа жүйенің тиімді тұстары туралы еңбекке жарамды 1,5 миллион қала тұрғыны құлақтандырылған болатын. Осы жолы жаңа жүйенің артықшылықтары мен міндеттері № 9 қалалық емханада өткен ғылыми конференцияда жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Осыған байланысты соңғы жылдары медицина қызметкерлері тарапынан бұл жүйені енгізуге белсенді дайындық жүргізіліп, халыққа сақтандыру қызметі мен оның негізгі принциптерін түсіндіру бойынша ақпараттандыру жұмыстары атқарылған болатын», – деді Алматы қалалық № 9 емхананың бас дәрігері Әсем МҰСАБАЕВА.
№ 9 қалалық емхананың 35 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен ғылыми конференцияда медицина қызметкерлері мазмұнды баяндамалар жасады. Бұл ретте сақтандыру қорының өкілдері жаңа жүйені толық енгізу үшін әлі де ауқымды түсіндіру жұмыстары мен келіссөздер жүргізу қажеттігін алға тартады.
«Осы жылдың бірінші тоқсанынан бастап біз медициналық ұйымдармен электронды форматта жұмыс жасадық. Қосымша келісімдерге электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылды. Ол көп уақытты қажет етті. Алматы қаласында бар 177 жеткізуші медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қызмет көрсетеді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Жанар КЕНЖЕБАЕВА.