Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жаңа жылдық шара ұйымдастырылды. Оған Алматының барлық 8 ауданының мектеп оқушылары шақырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа жылдық көңілді шараға келгендердің арасында мемлекеттік қолдауға зәру жетімдер, ата-ана қарауынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі балдырғандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, оқу үздіктері болды. Жаңа жылдық мерекеге барлығы 1700 бала келді.
Қала әкімі Б. Сағынтаевтың атынан балаларды Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтады.
«Жаңа жыл – ең алдымен балалардың мерекесі, өйткені олар ғажайып сиқырға сенеді. Сендер – тәуелсіз Қазақстанның болашағысыңдар. Тәуелсіздік жылы дүниеге келген сендер жас мемлекетімізбен бірге өсіп, нығайып келесіңдер. Барлығыңа денсаулық пен бақыт тілеймін, өздеріңе, болашақтарыңа және алға қойған мақсаттарыңа жетуге ұмтылыңдар», - деді жаңа жылдық қойылымға қатысқандарға Алматы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров.
Кішкентай көрермендер үшін лазерлі шоу болды, цирк артистері мен шоу-балет «Жаңа жылмен, Алматы!» вокалды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Барша балаларға жаңа жылдық сыйлықтар берілді.