Бүкіл әлемде жоғары технологиялық операциялар мыңдаған пациенттің өмірін құтқарып келеді
Орталық қалалық клиникалық ауруханада Израильден келген ангиохирургтердің қатысуымен мастер-класс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚДСБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүкіл әлемде жоғары технологиялық операциялар мыңдаған пациенттің өмірін құтқарып келеді.
Қан тамырлары ауруларын емдеу бойынша мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр пациенттер саны жылдан жылға өсіп келеді. Мастер-класта перифериялық тамырларды емдеу кезінде араласудағы келешегі бар әрі жаңа технологиялар туралы айтылды.
Орталық қалалық клиникалық аурухананың қан тамыр хирургтарымен бірге: асқазан-ішек жолдарының қансырауы кезіндегі эмболизация, қуық асты безінің аденомасы кезінде тамыр эмболизациясы, күрделі диабеттік ангиопатия кезінде аяқ тамырларын қайта өзектеу секілді үш операция жүргізілді.
Орталық қалалық клиникалық аурухананың қан тамыр хирургы Сұлтан Илиевтің айтуынша, асқазан-ішек жолдарының үстіңгі бөліктерінің қансырау себебі - асқазан жарасы, аш ішек жарасы, Маллори Вейс синдромы, өңеш тамырының түйнеліп кеңеюі және т.б. зақымдану болып табылады. Көптеген жағдайда өлім салдарына апаратын, пациенттің өміріне қауіп төндіретін асқазан-ішек жолдарының қансырауының белгісіз этиологиялары кездеседі.
Диабеттік ангиопатия кезінде операциялық араласу кертартпа емдеу тиімді болмаған ауыр жағдайда қаралады.
«Оған тамырдың тарылған учаскелері, зақымдалған учаскелерін алып тастау немесе тамырларды кеңейту кіреді. Қуық асты безінің аденомасы кезінде тамырлар эмболизациясы шағын инвазивті операциялық араласу болып табылады. Операция кезінде қуық асты безінің ісіктерін қанмен қамтитын күретамыр бұғатталып, яғни, бітеледі. Нәтижесінде аденоманың мөлшері кішірейіп, бірте-бірте несеп жолының қызмет етуі қалпына келе бастайды. Барлық жоғарыдағы операцияларды, әрине, біз өз ауруханамызда жасағанбыз және жасап келеміз, дегенмен, тәжірибемен алмасу деген өте жақсы», - деді маман.
Кездесу барысында «Хирургиялық араласу кезіндегі анестезиологиялық әдістеме, инсульт және т.б. кезіндегі анестезиологиялық әдістеме» тақырыптары бойынша теориялық дәріс өткізілді.
Израильден келген спикерлер:
- жетекші ангиохируг, эндоваскулярлы хирург Александр Климов,
- Операция жасау департаментінің, анестезиология және ауру бөлімшесінің, зарарсыздандыру блогының меңгерушісі Дина Оркина;
- профессор Борис Оркин сөз сөйледі.
Мастер-класс Алматы қаласы ауруханаларының дәрігерлеріне арналған медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша өтті.
Аталмыш іс-шара Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «ДҚДМ» Қазақстан медициналық университетімен ұйымдастырылды.
Айта кететін жайт, тамырға жасалатын барлық мамандандырылған, шағын инвазивті, эндоваскулярлы операциялар Орталық қалалық клиникалық ауруханада ТМККК және МӘМС тараптарында тегін жүргізіледі.