Енді орталық қаланың үш ауданында көмек көрсетеді
Алматыда жоғары тәуекел тобындағы әйелдерге медициналық көмек көрсететін үшінші перинаталдық орталық ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚДСБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда №2 қалалық перзентхана перинаталдық көмекті аудандастырудың екінші деңгейінен үшінші деңгейіне өтіп, заманауи денсаулық сақтаудың барлық қажетті талаптарына жауап беретін №2 қалалық перинаталдық орталық болып қайта құрылды.
«Енді орталық қаланың үш: Түрксіб, Жетісу және Медеу ауданында жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің ең ауыр контингентіне жоғары білікті акушерлік көмек көрсетеді», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Үшінші деңгейге өтуді ескере отырып, шала туған нәрестелерге арналған 5 реанимациялық төсек-орын және жаңа туған нәрестелер патологиясы мен шала туған нәрестелерді күту үшін 10 төсек-орын қарастырылған.
Әрбір палата оттегі орнымен жабдықталған, бұл нәрестеге палатада анасымен ертерек бірге болуға мүмкіндік береді.
«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап перзентхана ауыр экстрагениталды патологиясы бар және мерзімінен бұрын босану қаупі бар әйелдерді қабылдауды бастады. 2023 жылдың қаңтар айында 401 босану орын алып, 404 тірі сәби дүниеге келді, оның 6 егіз, 40 шала туған нәресте. Салмағы төмен шала туған нәресте мен дене салмағы өте төмен нәрестелер саны көбейді. Қазіргі таңда №2 қалалық перинаталдық орталықтағы ең кішкентай науқастың салмағы небәрі 634 грамм», – дейді орталықтың бас дәрігері Берік Жарқынбеков.
Қазіргі уақытта орталық жоғары санатты жабдықтармен жеткілікті түрде жабдықталған. Патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді күту және реанимациялау үшін барлық қажетті құрал-жабдық бар. Сондай-ақ қызметкерді шақыру, жедел әрекет ету, науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету үшін SOS жүйесі бар.
«Алматыда жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің ең осал контингентіне жоғары білікті медициналық көмек көрсететін 3 Перинатологиялық орталық жұмыс істейді: Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы, Бәсенов көшесі №2а, Қалалық перинаталдық орталық, Жұбанов көшесі №11 және №2 Қалалық перинаталдық орталық, Жангелдин көшесі №28», – деп жазды ҚДСБ баспасөз қызметі.