Ота №7 Қалалық клиникалық аурухана хирургтері міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды
Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана хирургтері міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде күрделі ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ота кезінде жіңішке ішегінің бір бөлігі сыртқа шығарылған пациенттің илеостома тесігін жабуға бағытталған операция жоспарлы түрде жасалды.
Илеостома пациент үшін белгілі бір қиындықтар тудырады. Стома жасалған науқас үнемі диета ұстап, үлкен дәрет жиналатын құтыны тұрақты ауыстырып отыруы қажет.
«2021 жылдың маусымында пациентке ішектің абдоминальды жабысқақ ауруы және жіңішке ішектің жүрмей қалуы салдарынан ота жасалған. Нәтижесінде науқастың жағдайын жақсарту үшін жарамсыз болып қалған ішек кесіліп, бір бөлігі сыртқа шығарылды. Яғни, соңғы 8 ай бойы ол илеостомамен жүруге мәжбүр болған», - дейді аурухананың баспасөз қызметі.
«Біз ота жасау туралы шешім қабылдадық. Лапаротомия, энтеролиз, іш құрылысына ревизия жасалды, тазартылды. Бір сөзбен, циркулярлы тігу аппаратымен илеостоманы жойып, пациент денсаулығы қалпына келтірілді. Ота сәтті өтті. Мұндай операциялар негізінен пациенттің өмір сапасын жақсарту мақсатында жасалады», - дейді №7 Қалалық клиникалық аурухананың Операция блогы жетекшісі Нұрлан Мәуленов.
Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды. Дәрігердің айтуынша, қазір пациенттің жағдайы жақсы. Ол операциядан кейін 7-күні тамақтанып, дәреті жүре бастаған. 11 күннен кейін науқас аураханадан шығарылды.
«Негізінде іштегі тесікпен (стома) өмір сүруге мәжбүр болатын пациенттер аз емес. Олардың көбі ақпарат тапшылығы салдарынан осындай реконструктивтік операциялар жасауға болатынын біле бермейді. Дәрігерлер илеостомаға қайта ота жасау туралы шешімді пациенттің денсаулық жағдайына қарап қабылдайды», - дейді мамандар.