Қызылша ауруына шалдыққан 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

28.11.2023 23:52

Министр қызылшадан адам өлімі тіркелмегенін атап өтті

Фото: elements.envato.com

Қазақстанда қызылша ауруына шалдыққан 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.


Қазақстанда қызылша ауруына шалдыққандардың 65 пайызы 5 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 15 бүлдіршін бар. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарына сай, ел бойынша 2 мың 375 бала ауруханада емделуде. Төсек-орындар 60 пайызға толып тұр. Қазақстанның бас дәрігері Ажар Ғиният қызылша ауруы республиканың барлық өңірінде тіркелгенін айтып отыр. Аталған ауруға шалдыққандар саны әсіресе Шымкент қаласында көп. Үш мыңнан астам адам дертті жұқтырыпты.  

– Қыркүйекте науқастар саны күрт өсті. Қарашада 6 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бүгінгі күні қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам орын ашылды, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, Қазақстан бойынша қызылшаны 17 мыңнан астам жұқтырған. Оның ішінде 80 пайызы балалар. Ал бүлдіршіндердің көпшілігі вакцина алмаған. Дертке шалдығу бойынша Алматы қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам жағдай тіркелген.

Бала қызылша ауруына шалдыққан кезде ең бірінші басы ауырады. Жөтеледі. Мұрыннан су ағып, тамағы ауырады. Дене қызуы көтеріледі. Бұл дәрігерлердің айтуынша, катаральді кезең екен. Одан кейін баланың денесі бөрте бастайды. Алдымен, бетіне, бас терісіне шығады. Кейін бүкіл денеге тарай бастайды. Айтпақшы, осы бөртпе шыққанға дейінгі кезеңде ауру ауа арқылы тез таралады.

Ал егер дерт бүкіл денеге дендеп, асқынса, ми қатты ісіп кетуі мүмкін. Құлақ естімей, өкпе қабынады. Бауырға қатты зақым келеді. Дәрігерлердің айтуынша, қызылша секілді жұқпалы аурулар бірнеше жыл сайын өршіп тұрады.  

– Қызылша вакцинамен бақыланатын аурулар түріне жатады. Естеріңізде болса, қызылша дерті 2005, 2015 және 2019 жылдары қатты өршіді. Осы кезде халықтың жаппай иммунитетін көтеру арқылы ауруды жеңген едік. Әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі ақпараттың барлығын қабылдамауға шақырамын. Баланың денсаулығында күту үшін профилактикалық шараның барлығын уақытылы алған дұрыс, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова.

Зәуре Ахметованың айтуынша, қызылша негізінен балалар арасында кең тарап жатыр. Халық жаппай жұқтырып, оның әсері экономикалық-әлеуметтік ахуалға әсер еткен кезде ғана эпидемия жарияланады. Осындай жағдайда ғана шектеу шаралары қолданылып, бұқаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынады. Дәрігерлер бұл аурудың вакцина арқылы басқарылатынын еске салып, дертке шалдықпаудың жалғыз жолы вакцина салғызу екенін атап өтті.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана


Оқи отырыңыз: Балаларды қызылшадан қорғаудың ең тиімді жолы қандай