Оған ішкі ұйқы күретамырының стенозы деген диагноз қойылды
Алматылық дәрігерлер инсульттің алдын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ОҚКА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
74 жастағы ер адам Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген. Бірнеше жылдан бері артериалды гипертониямен ауыратын науқас басы айналып, қатты ауырғанын айтып шағымданған.
Жүргізілген ультрадыбыстық допплерография нәтижесінде пациенттің мойнындағы күре тамырдың 70 пайызға тарылғаны белгілі болды. Оған ішкі ұйқы күретамырының стенозы деген диагноз қойылды. Мамандар дерегінше, мидағы қан айналымы үшін жауап беретін күретамырдың жұмысы бұзылған жағдайда ми ишемиясына, инсультке әкеп соқтырады.
«Шұғыл түрде ота жасау қажет болды. Өйткені пациенттің өміріне қауіп төніп тұрды, комаға түсуі мүмкін болды. Жергілікті жансыздандыру арқылы «селективті церебральды ангиография, ішкі ұйқы күретамырын стенттеу» отасы жасалды. Нәтижесінде күретамырға стент орнатылып, оның қанды өткізу қабілеті толық қалпына келтірілді. Ота сәтті өтті», – дейді нейрохирург дәрігер Ермек Сүлейменов.
Тіліксіз жасалатын шағын инвазивті жоғары технологиялық операцияның ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен өтеледі.
Нейрохирургтің айтуынша, стеноз негізінен күретамырдың қатайып кетуі немесе атеросклероз салдарынан болады. Ал, күретамыр ағзадағы холестерин, майлы қышқылдар мен кальций тұздарының мөлшері шектен тыс артып кеткен жағдайда қатаяды. Артық салмақ, спиртті ішімдік пен шылым, майлы, қуырылған тағамдар артериалды стенозға шалдығу қаупін арттырады.