Алматы онкологиялық орталығында науқастарға қандай көмек көрсетіледі

29.08.2023 18:16

Орталықта заманауи емдеу тәсілі қолданылады

пресс-служба УОЗ

Орталық директоры Нұрсұлтан Избагамбетовтың айтуынша, Алматы онкологиялық орталығы қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, жоғары технологиялық медициналық қызмет. Яғни хирургиялық емдеу, ісікке қарсы дәрмектер қолдану, сәулелік және иммундық терапия, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы онкологиялық орталығында емделушілер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында, орталықта 10,5 мың науқас ем алған (2022 жылы 6 айда 9,5 мың). 2016 жылы ем алған науқастардың саны жыл соңында тіркелсе, қазір  бұл көрсеткішке 6 айда жетіп отыр.

- Қазірдің өзінде қалалық онкологиялық орталықтың хирургиялық бөлімшесінде 1500-ден астам адамға ота жасалды. Олардың басым бөлігі – лапароскопиялық тәсілмен ота жасағандар. Осындай жоғарғы технологияның арқасында гинекологиялық, маммологиялық, кеуде қуысына, абдоминальды, урогенитальды оталар жасалды. Бұл шағын инвазивті технология. Бұрын мұндай ота жасату үшін біздің азаматтар шетелге баратын. Қазіргі уақытта Алматы онкологиялық орталығы, Қазақстандағы ашық және лапароскопиялық ота жасайтын клиникалардың бірі. Бұл үшін Орталықта барлық қажетті медициналық құрал-жабдық бар, – дейді онколог.

9000-ға жуық онкологиялық науқас химиотерапиялық ем алды, радиология бөлімінде 10000-нан астам сәулелік терапия сеансы жүргізілді.

Сондай-ақ Алматы онкологиялық орталығының амбулаторлық химиотерапия кабинетінде 5 мыңға жуық науқас ем алды.

Қатерлі ісікке күдік бар науқастар мен онкологиялық ауруы бар азаматтарға 300000-нан астам зерттеу түрі ұсынылған. Олар: КТ және МРТ, эндоскопиялық және цитологиялық зерттеулер, ультрадыбыстық, ИГХ және т.б.

Мамандар елімізде тегін скринингтік тексерулер жүргізілетінін және уақтылы тексеріліп отыруға кеңес береді.  

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа фудхолл пайда болады