Жетісу ауданында 200 адамдық емхана қолданысқа берілмек​

Жетісу ауданында 200 адамдық емхана қолданысқа берілмек​
Әзірге ауданда 120 мың адамға 3 емхана қызмет етіп жатыр​
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында емхана жетіспеушілігі мәселесі шешіледі. Келесі жылы "Кемел" ықшамауданында 200 келушіге арналған медициналық мекеме қолданысқа берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қажетті қаражат бөлінді. Құрылыс бірнеше айдан кейін басталады. Айта кетейік, әзірге ауданда 3 емхана халыққа қызмет етіп келеді. Онда дәрігерлердің көмегіне 120 мың адам жүгінеді. Десе де, бұл халыққа жетпейді. Сондықтан, қаладағы басқа да емханаларға баруға тура келген.


«Алматы қаласы әкімінің қолдауының арқасында тамызда бюджетті толықтыру барысында тиісті құжаттарды дайындауға қажет қаржы бөлінді. «Кемел» ықшамауданы біздің Жетісу ауданындағы үлкен елдімекен саналады. Онда 10 мың тұрғын бар. Егер медициналық мекеме салынса, халыққа алысқа барудың қажеті жоқ», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.


Жетісу ауданы әкімдігі балабақша жетіспеушілігін де шешуге ниетті. Алдағы жылы «Айнабұлақ» ықшамауданында 200 балаға арналған мектепке дейінгі мекеме салынады. Халыққа жағдай жасауды мақсат еткен жергілікті билік олардың талап-тілегі қашанда ескеріледі деп отыр. Мәселен, Open Almaty қоғамдық қабылдауына 754 өтініш келіп түскен. Оның 729-ына жауап беріліп, 25 сауалдың шешімі қарастырылып жатыр. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде 78 мәселе көтерілген.

«Қала әкімімен кездесуде қойылған сұрақтардың ішінен 34-і қайталанған болды. Қалған 44 сұрақтың 34-і – Алматы әкімдігіне қарасты әр түрлі басқармалардың құзыретіндегі сауалдар. Яғни, оны шешу біздің қолымызда тұрған жоқ. Қалған 8 сауал бойынша түсіндірме жүргізілді. Қазір қолда шешілуі тиіс 24 мәселе бар. Соларды шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Новости партнеров