Пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында МӘМС пакетіндегі қызмет түрлеріне қолжетімділік мәселелері бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Үкіметі пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтарды медициналық көмекпен қамту мақсатында оларға сақтандыру статусын беру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде төтенше жағдай кезінде жарна төлемеген бірнеше санат медициналық сақтандыру жүйесіне қайта оралды.
«Соңғы кезде көктемгі карантин кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған адамдардың да статустан айырылып қалғаны туралы көп айтылып жүр. Кеше үкімет осындай азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Қор оларға автоматты түрде сақтандыру статусын берді», – деді Тілеухан Әбілдаев.
Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды. Олар:
- соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар;
- соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар;
- мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар.
Естеріңізге сала кетсек, тұрғындар сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін Телеграмм желісіндегі бот (Saqtandyrubot) арқылы, сондай-ақ, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен Egov электронды үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы анықтай алады.