Қазақстанда вакциналау мәжбүрлеп жүргізілмейді – Біртанов

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Біртанов әр жағдайда ата-аналардың вакцинациядан бас тартуға құқылы екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда қолданылатын вакциналардың сертификаттаудан қалай өтетінін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.

Елжан Біртанов әрбір вакцинаның қауіпсіздігін анықтау үшін бірнеше сатыдан тұратын тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Министр атап өткендей, бұған дейін денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір заң осындай ашық әрі ауқымды талқылаудан өтпеген.

Жұмыс тобының 42 отырысы өтті, 1 000-нан астам түзету қаралды, отандық және халықаралық сарапшыларды, ДДСҰ өкілдерін тарта отырып, 11 көпшілік талқылау өткізілді.

Елжан Біртанов вакцинация мәселесіне тоқталып өтті.

«Соңғы кезде әлеуметтік желілерде Кодекстің қабылдануына қарсы талқылаулар жүргізіліп жатыр, соның ішінде сапасыз вакциналар, жосықсыз сатып алу мен вакциналарды дұрыс тасымалдамау, медициналық қиындықтар және вакцинадан бас тартушылар санының көптігі туралы шындыққа жанаспайтын әңгімелер айтылуда. Бұл қоғамдық сананы ашық түрде манипуляциялау!», - деді министр.

Елжан Біртанов Қазақстанда вакциналаудың мәжбүрлеп жүргізілмейтінін, ешқашан олай болмағанын да атап өтті.

«Бүкіл әлемдегі секілді біздің елімізде де ерікті түрде салынатын және міндетті вакциналар болады. Әр жағдайда ата-аналардың ақпараттандырылған келісімі немесе вакцинациядан бас тарту құқығы бар! Екпе алмаған балалар құқығын шектейтін ешқандай норма жоқ! Ұжымдық иммунитетті, яғни балабақшаларға баратын барлық балалардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін бір ғана норма бар», - деді ол.

Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы елімізде 4 841 334 балаға вакцина салынған, оның ішінде 6 003 балаға ғана екпе салынбаған (бас тарқан). Ал бұл тек ‒ 0,12%. Асқыну фактілеріне тоқталсақ, 2019 жылы екпе егілген 4 841 334 баланың ішінде тек 143-інде ғана жағымсыз белгілер байқалды (температураның көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы), бұл ‒ 0,003%! Сонымен қатар Қазақстанда 2019 жылы вакцинадан қайтыс болған балалар тіркелмеген.

«Сандар бәріне дәлел. Айта кету керек, Қазақстанда әрбір вакцина тиісті өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкес келетін қауіпсіздікке, тиімділігіне және сапасына көп сатылы тексеруден өткізіледі», - деп нақтылады Е. Біртанов.


Новости партнеров