Науқастарды тасымалдауға арналған арнайы көліктердің алғашқылары осы аптада дәрігерлерге беріледі
Kaspi.kz 100 жедел жәрдем көлігін сыйға тартады. Науқастарды тасымалдауға арналған арнайы көліктердің алғашқылары осы аптада дәрігерлерге беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі 7kun.kz-ке сілтеме жасап.
Kaspi.kz компаниясы пандемиямен қарсы күреске 100 жедел жәрдем көлігін сыйлайды. Ауруханалардың жедел бригадаларына (Ауырлығы 4 санаттағы жедел медициналық шақырулар) арналған арнайы санитарлық автокөлікті отандық автоөндіруші «СарыарқаАвтоПром» Chevrolet Damas үлгісінің базасында және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің техникалық ұсыныстарына сай жасайды.
«Kaspi.kz ұсынған өлшемшарттар мен Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен маневрге оңтайлы автокөлік таңдалды, бұл жедел жұмыс үшін аса маңызды. Қазіргі жағдайды ескере отырып біз жақын уақытта науқастарды тасымалдауға арналған медициналық, санитарлық, бактерицидті жарақтардың барлығымен, оның ішінде өкпені жасанды тыныс алдыру аппараты, ЭКГ аппараты, ульсоксиметр мен дефибриллятормен жабдықталған көліктерді жасап шығарамыз», – деді «СарыарқаАвтоПром» директоры Сырым Семейбаев.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше ел аумағында күн сайын 1400 бригада медициналық жедел жәрдем көрсетеді, олар 26 000 шақыру қабылдайды. Министрлік өкілдерінің айтуынша бұл жедел жәрдем қызметі мен қазіргі бар инфрақұрылым үшін айтарлықтай салмақ түсіріп тұр.