Қазіргі 90 мыңға жуық дозаның 80 пайызы берілді
Ақтөбеде тұмауға қарсы вакцина беру жұмысы жалғасып жатыр. Қазіргі 90 мыңға жуық дозаның 80 пайызы берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Биыл 37 мыңға жуық балаға тұмауға қарсы вакцина береміз. Қазіргі уақытта 25 мыңнан астам бала егілді. Бұл 60 пайыз көрсеткішті құрап отыр. Екпе үшін жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге әр медициналық мекеме өз қаржысына вакцина алып, тұрғындарға ақылы қызмет көрсетіп жатыр. Ақысыз түрде 6 айлық балалар, жүкті әйелдер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары мен медицина қызметкерлеріне беріледі»,– деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, 15-қазанға дейін тұрғындардың 10 пайызы екпе алып болуы тиіс.
«Вакцина алған адам ауырмайды деп айта алмаймыз. Бірақ дертті жеңіл өткеруі мүмкін. Өлім көрсеткішін де осы арқылы төмендете аламыз. Коронавируста, тұмауда адамның тыныс алу жолы зақымданады. Қазір біз үшін сақтық шарасы маңызды. Қарапайым ережені ұстануымыз қажет. Салауатты өмір салтына ден қойып, дәрумені көп тағамды тұтыныңыз. Көпшілік жерде бетперде киіңіз. Қолды жиі жуу да маңызды»,– деді облыстық бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин.