Бірыңғай жиынтық төлем елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі
2017 жылдың 1 шілдесі және 2019 жылдың 21 қарашасы аралығында Медициналық сақтандыру қорына 230 млрд теңге қаржы жинақталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
«Алматы қаласы жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан республика бойынша көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 21 қарашасына дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 47,3 млрд теңге жарна аударылды. Оның 44,8 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары», - деді Т.Әбілдаев.
Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 4900 адам 16,7 млн теңгені құрайтын бірыңғай жиынтық төлем төлеген.
Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды.
БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2525 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1263 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.