Жетісу облысында 134 адам туберкулез жұқтырған

05.07.2024 19:17

Қауіпті дертке шалдыққандардың арасында балалар да бар

Online Marketing / Unsplash

Жетісу облысында жыл басынан бері 134 адам туберкулез жұқтырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның 121-і - өкпе, ал 13-і - сүйек туберкулезі. Қауіпті дертке шалдыққандардың арасында балалар да бар.

Мұндай көрсеткішпен өңірдегі сырқаттану деңгейі республикадағы нормадан 16 пайызға жоғары болып тұр. Дәрігерлер инфекция ауа арқылы таралатындықтан оның алдын алу өте қиын дейді. Сондықтан тұрғындарды кемінде жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтуге шақырады. Ал туберкулезге күмән болған жағдайда ауру асқынбай тұрып анықтауға мүмкіндік бар. Дәрігерлер аталған дертті бұрынғыдай 1,5 -2 ай емес, заманауи әдістермен 2 сағатта тексеруге болады деп отыр.  

«Мысалы, бір адам туберкулезді жұқтырып уақытылы емделмесе, ол бір жылда 10-15 адамға жұқтырады екен. Бұрын біз туберкулезді 1,5-2 жыл емдейтінбіз.  Қазіргі кезде қысқартылған курспен 6-9 ай емделіп шығады», – деді облыстық фтизиопульмонология бөлімінің үйлестірушісі Рая Ақашева.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесті