Жұқпалы инфекция балалар арасында тез тарап жатыр
Ақтөбе өңірінде қызылша ауруы дендей бастады. Вирустық жұқпалы дерт жыл басынан бері 300-дей адамнан анықталған. Оның 40-тан астамы індеттің ауыр түріне шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі 7 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыстық инфекциялық ауруханада 25 науқас қызылшадан емделіп жатыр. Мамандар «жағдайы тұрақты, дәрі-дәрмек жеткілікті» дейді. Ал бір адам жансақтау бөліміне аурудың асқынған түрімен жатқызылған. Үздіксіз емнің нәтижесінде науқастың жарасы азайған. Жұқпалы инфекция балалар арасында тез тарап жатыр. Қалада қосымша 50 орын дайындалған.
– Ауруханаға 42 науқас түсті. Олардың арасында пневмония, ларингит, неврологиялық ауруын асқындырып алғаны бар. Біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, – деді облыстық Клиникалық-инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұртдинова.
Қызылша дерті Ақтөбеде ақпанда тарады. Алғаш Түркиядан ұшып келген жолаушыдан анықталған еді. Содан бері 300-дей адам вирус жұқтырып, дәрігер көмегіне жүгінген. Мамандардың айтуынша, сырқатты жұқтырғандардың 85 пайызы –вакцина алмағандар. Екпе салдыруға қарсылық танытқандардың көбеюі жағдайды ушықтырып жіберген көрінеді.
– Вакцина күнтізбесіне сәйкес, балаға 1 және 6 жаста екпе егу керек. Облыста 600-ге жуық бала екпе алмаған. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, жұмысты жалғастырып жатырмыз, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.
Облыста 225 науқас қызылшадан толықтай айығып шықты. Дәрігерлер аймақтағы ахуалдың тұрақсыздығын ескеріп, тұрғындарды екпе алуға шақырды. Қазір қоймада республикалық бюджет қаржысына алынған 30 мың вакцина тұр. Иммундау жұмысы тегін жүргізіледі.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайберген, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы