Қазақстанда 9 мыңға жуық аутист бала бар. Бейресми дерек бойынша, тағы 30 мыңнан астам бүлдіршінге осы диагноз қойылған. Оларды оңалтып, қатарға қосу үшін қазір қоғам аурудан айығудың мүмкіндіктерін іздеумен келеді. Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күнінде Астанада Autism Talks іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Пікір алмасу алаңына психологтар мен мінез-құлық сарапшылары, ата-аналар қатысты. Республиканың әр өңірінен келген 200-ден астам ата-ана кемістігі бар балаларды тәрбиелеу бойынша ой-кеңесін ортаға салды.
«Біз бүгінгі шараны екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Өткен жылы ата-аналар тарапынан мұндай басқосудың маңызы жоғары екені айтылды. Олар ақыл-кеңесін айтап, өз тәжірбиесін ортаға салады. Біздің тараптан қолдау қажет болса, көрсетіледі. Біз бүгінге дейін аутизммен ауыратын балаларға арнап 46 кабинет аштық. 70-тен астам баланың оңалып кетуіне мүмкіндік болды», – деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.
«Менің балам 18-де. Осыдан 15 жыл бұрын біздің қоғам ауруды қабылдауға дайын болмады. Мамандардың өздері «Ешқайда шықпаңыз, баланы бөлмеде ұстаңыз, автобуста айқайласа, ыңғайсыз болады» деп кеңес беретін», – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Сара Қазыбаева.