Қазақстанда дәрігердің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі. Жаңа заң жобасын бүгін Мәжілісте Денсаулық сақтау министрі таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Адам өмірін ең құнды қазынаға балайтын біздің елде дәрігерлердің үстінен шағым айтатындар көбейген. Денсаулық сақтау министрінің ақпарынша, жыл сайын Қазақстанда ақ халаттылардың үстінен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады екен. Халық көбіне акушер-гинеколог, хирург, травматолог мамандарына шағымданады. Соңғы 5 жылда жеке және заңды тұлғадан 14 мың 123 өтініш түсіпті. Өз ісіне жүрдім-бардым қараған 70-тен аса дәрігер тиісті жазасын алған. Таныстырылған жаңа заң жобасы осындай олқылықтарды болдырмауға бағытталған.
«Адам өзінің кәсіби міндетін орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Халықаралық тәжірбиеге сүйене отырып, медициналық қызмет көрсету кезінде адамның өмірі мен денсаулығы қылмыстық құқықтың қорғау саласында шет елдердің заңнамасы медициналық қызметкердің пиғылы мен медициналық қатені ажыратуға негізделген», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Жаңа заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыруды енгізу көзделген. «Яғни, ақ халаттылар қызметіне салғырт қарап, науқастың өміріне, денсаулығына зиян келтірсе, оның құқығын заңмен қорғау керек» деді министр. Саладағы жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі.
«Медициналық көмек көрсету кезінде қандай да бір кемішілік кетсе не абайсызда науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдай орын алса, жан-жақты қарастырылады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Елімізде ақ халаттылардың жалақысы науқастың денсаулығына келтірілген зиянды өз қалтасынан өтеуге келмейді. Сол себепті шетелдердегідей бізде де ендігі жерде міндетті сақтандыру жүйесі дәрігердің кәсіптік жауапкершілігіне қолданылмақ. Бұл ретте дертіне шипа іздеп келген жанға зиян келтірсе, өтемақыны дәрігер емес, сақтандыру компаниясы төлейді. Келтірілген залал үшін төлемнен бас тартылған жағдайда, науқас сотқа жүгінуге құқылы.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана