Қазақстан ауылдарында нәресте өлімі өсті

10.10.2022 19:33

Бұл туралы мәжілістегі үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты

pixabay

Қазақстанның ауылдарында нәресте өлімі өсті. Бұл туралы мәжілістегі үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

"Биыл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ауылдық жерлерде нәресте өлімінің 30,6% өскені байқалады. Сонымен қатар ауылдағы нәресте өлімі қаламен салыстырғанда 38,7% төмен", - деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, әйелдер денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында жүкті әйелдерді жеке және пәнаралық босанғанға дейінгі көмекпен қамту ұлғайып, бұл көрсеткіш 82% болды. Жүктілікті 10 аптаға дейін ерте анықтау көрсеткіші 11%-ға артып, 40%-ға жетті. Бұл жүктіліктің ықтимал асқынуларын дер кезінде анықтауға және болжауға мүмкіндік берді.

"Сонымен қатар балалардағы аурулар мен даму ақауларын уақтылы анықтау үшін жыл сайын 3,1 миллионнан астам баланы қамтитын профилактикалық тексерулер, 1,6 миллионнан астам жас балаларды скринингтік тексерулер жүргізіледі", - деді Денсаулық сақтау министрі.

Қыркүйек айында Қазақстанда "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы әзірленгені белгілі болды. Ол барлық ауылдық елді мекенді алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету арқылы қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға бағытталған.