Алматыда ақ халатты жандардың біліктілігі сыналған оқыс оқиға орын алды

elements.envato.com
elements.envato.com
Сәбидің тамағына бұршақ дәнегі тұрып қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық дәрігерлердің біліктілігі  сыналған оқыс оқиға орын алды. Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының (БШМККО) реанимациялық бригадасына екі жасар балаға өздері баруға тура келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жедел жәрдем бригадасы тұншығып жатқан сәбиді балалар ауруханасына алып бара жатады.

Сәбидің жағдайы тіпті нашарлай бастағанда дәрігерлер уақытты босқа өткізбей, жақын жердегі Қазыбек би көшесіндегі қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) апаруды ұйғарады.

Бала бірден осы аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылып, реаниматологтар Геймлих тәсілін қолданып, іштегі бөтен затты алып тастауға бірнеше рет әрекеттенгенімен, өкінішке қарай, нәтиже болмаған.

ҚЖШККА директорының орынбасары Ермек Желдібаевтың айтуынша кішкентай науқастың өмірін аман алып қалу барысында ұжым тығырыққа тірелген.

Ересектер ауруханасында балаларға арналған бронхоскоптың болмауына байланысты, оған бронхоскопия жасау мүмкін емес еді.

Алайда баланың жағдайы нашарлап, сатурациясы төмендеп, көгере бастаған соң реаниматологтар Нұрлан Рсалиев, Мамыржан Юлдашев және хирург Бақтияр Галиев шұғыл түрде интубация жасады.

Интубация кезінде баланың тыныс жолдары ашылып, осыдан кейін ғана балалар ауруханасынан дәрігерлер жеткенше оның жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды.

БШМККО мамандары келгеннен кейін бронхоскопияның көмегімен баланың тыныс жолына тұрып қалған бұршақ алынды.

Сәбидің жағдайы ҚЖШККА жансақтау бөлімінде бірнеше сағаттан соң қалпына келген. 

- Бұршақты шығарып алу оңай емес. Бұл негізінен бронхоскопия көмегімен жасалады. Балалар ауруханасының мамандары келгенге дейін біздің дәрігерлер дер кезінде әрекет жасап, оған қоса Балалар ауруханасының дәрігерлерінің "ересектер" ауруханасы жағдайында кәсіби түрде жасалған бронхоскопияның арқасында бала аман қалды. Бәріміз сәбиге алаңдап, оның жағдайын жіті қадағалап отырдық, қазір үйге шығарылғанын естіп қуанып жатырмыз, - дейді дәрігер Ермек Желдібаев.

Балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев мұндай ересек және балалар ауруханасы мамандары шұғыл түрде науқасты қосыла құтқаратын оқиғалар жылына 2-3 рет қайталанатынын айтады.

- Қабылдау бөліміне 103 нөмірінен "Науқас 2 жаста, аспирациялық синдром, реанимациялық бригаданы дайындаңыз" деп қоңырау шалды. Қабылдау бөлімінде 7 маманнан тұратын бригада күтіп отырды. Шамамен 30 минут өтті, баланы әлі жеткізбеді: "Бізге жеткізуге уақыты болмады ма?!",  "Бала аман ба?" деген сұрақтар туындады. 103-ке өзіміз қоңырау шалдық. Олар науқасты жақын маңдағы басқа ауруханаға апаруды ұйғарған екен, уақыт болса өтіп жатты. Команда тез жиналып, 15 минут ішінде әлгі ауруханаға жетті. Келгеннен кейін біздің топ бронхоскопия жасап, тыныс алу жолдарынан бұршақты шығарып тастады. Екі аурухананың жедел әрекетінің арқасында сәби аман қалды, - дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.

Аурухана дәрігерлері 2024 жылдың бір жарым айында тыныс жолдарында бөгде зат бар 10 науқасты аман алып қалған.

Бұл пациенттердің бәрі — 1 мен 3 жас аралығындағы балалар.

Оқи отырыңыз: Бала күйіп қалды: Көкшетауда үйдің қазандығы жарылды

Новости партнеров