Қаладағы №4 мектепке 9-сынып оқушысы балта мен пышақ алып барып, ойран салған
Петропавлда кәмелетке толмаған баланың қолынан зардап шеккен оқушылардың жағдайы жақсарып келеді. Олар бүгін жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мектептің өзге оқушылары әзірге қашықтан білім алып жатыр. Мектеп басшылығы баланың денсаулығында кінәрат барын мүлдем байқамаған.
Мектеп ішінде шабуыл жасаған 9-сынып оқушысы бірінші тоқсанда мүлдем сабақта болмаған. Ал мектеп басшылығы баланың 3 ай бойы қайда болғанын білмейді. Олар тек емхана берген анықтамаға сүйеніп отыр. Тіпті мектеп әкімшілігін оқушының диагнозы мүлдем қызықтырмаған да көрінеді.
«Анықтама №3 қалалық емханадан ұсынылды. Онда баланың диагнозы емес, тек қана код берілген. Анықтаманы дәрігер береді. Диагнозды нақтылауға біздің құқығымыз жоқ. Мен оның қайда емделгенін, қалай емделгенін білмеймін», – деді №4 мектеп директоры Ғафура Бөстекова.
Кеше ғана сұмдық оқиға болған №4 мектепте 1000-ға жуық оқушы білім алады. Олар бүгін онлайн режимде қашықтан білім алып жатыр. Штаттық режимге ертең ауысады. Жалпы мекемеде 42 камера және 5 дабыл түймесі бар. Білім басқармасы мектептегі қауіпсіздік шаралын ұйымдастыруға енді ғана кіріскен.
«Мектептегі бейнебақылау камерасы, мамандандырылған күзет және дабыл түймесі толық тексеріледі. Қала бойынша бізге 100 млн теңге бөлінді. Осы қаражат арқылы мектептегі қауіпсіздік деңгейін жақсарту мақсатында арнайы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етеміз» , – деді СҚО білім басқармасының басшысы Назир Жәшібеков.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы екі баланың беті бері қарағанын мәлімдеді. Олар жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
«Балалардың жағдайы тұрақты. Бүгінгі таңда оңалып келеді. Оларға реанимациялық көмек қажет емес. Науқастар әдеттегі бөлімге ауыстырылды», – деді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Айта кетейік, Петропавлда 13 ақпан күні 9-сынып оқушысы таңғы сағат 7:40-та мектепке өзімен бірге пышақ пен балта әкелген. Екінші қабаттағы әжетханаға көтеріліп, маска киіп кейін дәлізде оқушылардың соңынан жүгірген. Нәтижесінде үш баланың басы мен білегін жаралаған. Ойран салған 15 жастағы жасөспірімді жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер тоқтатыпты.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы