Елімізде медициналық сақтандыру қорына 198,5 миллиард теңге жарна жиналған
Баршаға тең мүмкіндік. Келер жылы енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қазақстандықтарға санатына қарамастан бірдей пакет ұсынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Міндетті әлеуметтік мелдициналық сақтандыру жүйесінің мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік екенін осыған дейін айттық. Денсаулығымыздан кінәрат табылса енді сапалы медициналық көмек көрсетілетінін де бұқара біледі. Алайда, сақтандыру жүйесін енгізу Қазақстан үшін таңсық дүние емес.
«1996-98 жылдарда бұл реформаның сәтсіздікке ұшырау себептерінің бірі сол кездегі еліміздің экономикалық жағдайы және сол кездегі экономикалық кризистің қатты дендеп тұрғаны өзінің әсерін тигізді. Жалақы уақытылы берілмегеннен кейін, экономикалық даму деңгейінің төмендігі және көптеген адамдардың жұмыссыздыққа душар болғандығының өзі қорға түсімдердің уақытылы түспеуіне әсер етті. Шығындар мен түсімдердің арасындағы ауытқулар сол кезде қордың төлем қабілеттілігінің төмендеуіне әсерін тигізді», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» кеақ алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Аузы күйген үрлеп ішер демекші, осыдан кейін ел үкіметі медициналық сақтандыруға ерекше көңіл бөле бастады. Шетелдік тәжірибелерді қарап, өзімізге ыңғайлысын таңдауға, сұрыптап алуға тырысты. Алайда бізге неліктен Еуропа елдерінің сақтандыру жүйесіне жақын?
«Литваға жақын сияқтымыз негізінде. Экономикалық дағдарыс, басқа жағдай болып қалса, одан жарна төмендеп кетпейді. Себебі жарна одан бұрынғы экономикалық деңгей жоғары кездегі деңгеймен алынған. Яғни бұл келешекте қордың қаражат жағынан болса да тұрақтылығын, халықтың мүддесін қорғау жағының жоғары екенін айтуымыз керек. Бұл біздегі ұтымды жағы. Алдыңғы қатарлы жүйенің барлығын терең зерттеп, талдап ұтымды жағын алдық. Бұны жинақы түрі деп айту керек», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Құралбай ҚҰРАҚБАЕВ.
Медициналық сақтандыру қорына түскен қаражат бойынша ақпарат берсек. Қазіргі таңда 198,5 миллиард теңге жарна жиналса, оның 38,5 миллиарды Алматы қаласына тиесілі. Яғни өзге өңірлерге қарағанда алып шаһар көш бастап тұр.
Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы