Алматыда тұрғындарды емханаға тіркеу науқанының қорытындысы туралы айтылды

18.11.2020 19:36

Емхана ауыстырған азаматтардың 92% жекеменшік клиникаларды таңдаған

ашық дереккөзден

Елімізде азаматтарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл сайын қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында өтетін дәстүрлі науқан барысында 10 мыңға жуық алматылық емхана ауыстырды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

«Биылғы тіркеу науқанына 77 емхана қатысты, оның 4-еуі жаңа. Аталған клиникалардың бәрі де халыққа келер жылдан бастап қызмет көрсете бастамақ», – деді филиал басшысы.

Айтуынша, емхана ауыстырған азаматтардың 92% жекеменшік клиникаларды таңдаған. Бірақ кампания нәтижесі бойынша мемлекеттік емханаларға басымдық берген тұрғындар саны едәуір көп.

Филиал мәліметінше, азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі кампаниямен шектелмейді. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, бұрынғы емхана жабылған немесе қызмет көрсетуді тоқтатқан жағдайда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар, әрбір тұрғын жылына бір рет еркін таңдау құқығын пайдалана алады.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы тіркеу науқаны барысында емхана ауыстырған азаматтар жаңа емдеу мекемесінің қызметін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады.