Әлем дәрігерлері күз маусымында тұмауға қарсы вакцинаны салуға кеңес береді. Өйткені вакцина науқастың симптомдарын анағұрлым жеңілдетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған қоса, ауруға шалдығу қаупі жоғары жандарды дерттен қорғайды. Әсіресе, иммунитеті төмен, қан қысымы бар немесе қант диабетімен ауыратын жандардың салдырғаны жөн. Бүгін бұл туралы онлайн брифингте Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман айтты. Ол халықты өз бетінше емдеумен айналыспауға шақырады.
«Әлемді қарасақ, қатаң карантин режимін енгізіп, сақтық шараларын сақтаған елдерде ғана коронавирус жұқтыру деңгейі біршама азайды. Тұмау мен коронавируста да әлсіздік байқалады, дене қызуы көтеріледі, науқас көбіне жата бергісі келеді. Мәселен, тұмау кезінде адам бірнеше күннен кейін жағдайы жақсарады. Ал коронавируста жағдайы нашарлай береді. Сондықтан кеселді зертханалық жолмен анықтаған жөн», – деді Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.