Мамандардың сөзінше, дерт жұқтырғандардың дені – балалар
СҚО-да қызылша дендеп барады. Дерт жұқтырғандардың саны соңғы уақытта еселеп артқан. Қазір аймаққа екпенің 30 мыңнан астам дозасы жеткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандардың айтуынша, өңірде қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Тек екі аптаның ішінде 54 жағдай тіркелген. Былтырғы желтоқсан айымен салыстырғанда індет жұқтырғандардың саны 1 айдың ішінде 3,5 есеге артқан.
– Петропавлдағы жағдай баршамызды алаңдатып отыр. Былтыр 10 айдың ішінде қала бойынша 22 жағдай тіркелсе, қараша айында 46 адамға өсті. Ал желтоқсан айында 139 азамат індет жұқтырған. Жыл басталғалы екі аптада 44 жағдай расталды, – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Серік Айсауытов.
Мамандардың сөзінше, дерт жұқтырғандардың дені – балалар. Қазір 17 азамат «қызылша» диагнозымен ауруханаларда ем-дом алып жатыр. Олардың арасында 15 баланың тек біреуі екпе алған.
– Өткен жылмен салыстырғанда қызылша бойынша жағдай алаңдатарлық. Қазір облыста екпе салдыруға болатын 265 медициналық мекеме жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ тағы 95 мобильді бригада бар. Олар келіп, қызылшаға қарсы екпе егеді. Облыс бойынша қазір вакцинаның 24 мың дозасы бар, – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Тағаниязов
Айта кетейік, былтыр мамыр айынан бері өңірде қызылшаның 251 жағдайы расталды. Індетке шалдыққандардың көбі – Петропавл тұрғындары. Мамандар мұны екпе салу деңгейінің төмендігімен байланыстырып отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Елімізде қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина не үшін салынады