|
06.10.2023 | 14:41
4163

Өлімге араша: алматылық дәрігерлер кейуананы аман алып қалды

№7 қалалық клиникалық ауруханада уақытылы көмек көрсетілді

Өлімге араша: алматылық  дәрігерлер кейуананы аман алып қалды Коллаж: Almaty.tv

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері инсульт алған кейуананың өмірін аман сақтап қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

91 жастағы Тамара Кондакова қалалық жетінші ауруханаға мидағы қан айналымының бұзылу белгілерімен шұғыл түрде жеткізілген.

- Бізге түскен кезде науқастың жағдайы аса ауыр еді. Оның оң жағы толығымен жансызданған, оң жақты гемипарез (сал) болды, беті қисайып, тілі күрмелген. Өз бетінше отырып-тұра алмайтын, басы айналып, есін бір біліп, бір білмей жатты. Уақтылы көмек көрсетілмесе науқасқа мүгедектік немесе өмірмен қоштасу қаупі төніп тұрды, - дейді №7 ҚКА инсульт бөлімшесі меңгерушісі Ғалымжан Каримов.

Дәрігердің айтуынша, жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, жүрек қарыншасының өткізгіштік қабілетінің бұзылуы сынды созылмалы аурулары да болған.

- Инсульт кезінде әр минут маңызды. Мұндайда аурудың бастапқы белгілері байқалысымен, яғни  4,5 сағат ішінде маман көмегіне жүгіну қажет. Бірақ бұл пациентке жедел жәрдем кештеу, қолайлы «терапиялық уақыт» өтіп кеткеннен кейін шақырылған, - дейді Ғалымжан Каримов.

Ауруханадағы инсульт бөлімшесінің невропатолог дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен дер шағында білікті консервативті ем жасады.

Пациент жағдайы тұрақталғаннан кейін инсульт бөлімшесінде реабилитацияның бірінші кезеңінен өтті. Онымен медбикелер, логопед, емдік-дене шынықтыру, массаж мамандары жұмыс істеді.

- Ем-дом нәтижесінде пациенттің миындағы қан айналымы реттелді, ағзаның тіршілік етуге қажетті барлық функциялары мен жамбас қуысының қызметі қалпына келтірілді. Науқас есін жиып, бет пішіні түзелді, анық сөйлейтін болды. Қазір өз бетінше тамақ ішеді,  қолдары қозғалады, аяқтың қызметі ішінара қалпына келді. Әзірше арнайы құрылғының көмегімен жүріп-тұрады. Біраз уақыттан кейін науқас толығымен қалыпты өмірге қайтып оралады, - дейді Ғалымжан Каримов.

Өлімге араша түскен дәрігерлерге Тамара әжейдің де алғысы шексіз. 

- Мен тіпті ауруханаға қалай келгенімді де білмеймін. Қазір есімді жидым. Енді аяғымды толық бассам, жұмыс істеп жүгіріп кетер едім. Мен өзі өмірде ауырмаған, бала босанғанда болмаса, басқа уақытта ауруханаға жатып көрген адам емес едім. 73 жасқа дейін тынбай еңбек еттім, - дейді зейнеткер.

Оқи отырыңыз: Артериялық гипертония дертінің салдары қандай

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир