Өнім иесіне 35 мың 350 теңге айыппұл салынды
Қауын шыбынымен залалданған өнім сатылымнан алынып, бүгін көму әдісімен жойылды. Бақша дақылы Түркістан облысынан әкелінген. Ал оның иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 3-тармақшасы негізінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қауын-қарбыз саудасы әлі де қызып тұр. Дегенмен уланып қалу қаупі де жоқ емес. Бүгін мәселен бұл жеміс дастарханда емес, қоқыс полигонында жатыр. Себебі Түркістан облысынан әкелінген 15 тонна өнімнің 1 тоннасынан қауын шыбыны табылған. Кәсіпкер зиянкес зақымдаған қарбыздарды халыққа сатпақ болған..
«Аталған факт бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ісі қозғалып, өнім иесіне 35 мың 350 теңге айыппұл салынды. Сатып алу барысында қарбыздың сыртқы қабығына көңіл аудару қажет. Ол сырт көзге де байқалады», – деді Астана қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысының орынбасары Сымбат ҚАЛИАСҚАРОВ.
Қауіпті қарбыздар карантиндік фитосанитарлық тексеру кезінде анықталғандықтан ЭКО полигон аумағында 1 тонна қарбыз көмілді. Ал сыртта, тас жолдардың бойындағы қауын- қарбыздарды жиі тексеріп қадағалап жатқан жан жоқ.
Қауын шыбыны қарбыз, асқабақ секілді дақылдарды зақымдайды. Яғни өнімділікті 20 немесе одан көп пайызға төмендетеді. Жыл басынан бері осы іспетті 200-ден астам заң бұзушылық анықталған. Өнім иелеріне 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 70 пайызы облысаралық тасымалдаудан келсе, қалғаны импорттық өнімдер.
Асылбек Тойбек, Азамат Кәкенов «Алматы» телеарнасы