Емделу кезінде қайтыс болғандарға 3 миллион теңге төленеді

Фото: Алимжан БАРАНГУЛОВ
Фото: Алимжан БАРАНГУЛОВ
Ажар Ғиният депутаттарға жаңа заң жобасын ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Қазақстанда дәрігердің қателігі үшін жаза жеңілдеуі мүмкін. Тіпті, зардап шеккен науқасқа төлем медицина маманының қалтасынан емес, арнайы сақтандыру компаниясынан төлену қарастырылған. Бүгін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният депутаттарға жаңа заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құжатта дәрігерлердің жазасын жеңілдетумен қатар, оларға миллиондап сыйақы беру жазылыпты

Биыл 1 қыркүйектегі жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамытуды тапсырды. Бүгін Қазақстанның бас дәрігері Ажар Ғиният мәжіліс депутаттарына осы салаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Министрдің мәліметінше елімізде бір жылда дәрігерлерге қатысты 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Оның көбі хирургтерге қатысты. Мәселен, акушер-гинекологтар мен хирургтарға 14, травмотологтар 8, ал, анестезиологтарға қатысты 6 қылмыстық іс ашылған екен. Сондықтан Ажар Ғиният дәрігердің қателігі үшін жазаны жеңілдетуді ұсынды. Оның айтуынша, дәрігерлік қателік үшін жаза қатаң, соның салдарынан білікті мамандар денсаулық сақтау саласына келмейді немесе көп жағдайда кетіп қалады.

«Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасы шеңберінде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету бойынша нормаларды ұсынып отыр. Мысалы, денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайтау, денсаулығына ауыр зиян келген немесе пациент қайтыс болған жағдайда бас бостандығын айыру жазасының мерзімін қайта қарап, бас бостандығын шектеуге ауыстырылсын деген норма енгізіліп отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Заң жобасына медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу де жазылған. Соның есебінен зардап шеккен пациенттерге төлемақы беріледі. Яғни, егер науқас дәрігердің қателігінен көз жұмса, 3 миллион 180 мың теңге, мүгедек болып қалса, 1 миллион 590 мыңнан бастап, 2 миллион 544 мың теңгеге дейін, мүгедектіктен бөлек түрлі жарақат алған адамға 954 мың теңге төленуі тиіс. Егер, науқас немесе марқұмның жақындары бұндай өтемақымен келіспесе, сот арқылы дәрігерді жазалауға мүмкіндік бар.

«Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру бойынша тарифтік мөлшерлемелерді есептеу үшін сақтандыру объектілерінің санына, сақтандыру оқиғаларының жиілігі мен ауырлығына талдау жүргізілді, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру тәжірибесі зерделенді, хирургия, педиатрия, терапия, акушерия және гинекология, стоматология және орта медицина персоналы мамандықтарының 6 бейіні бойынша сақтандыру сыйлықақысының сомасын айқындау бойынша актуарлық есептеулер жүргізілді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ажар Ғиният дәрігерлердің жауапкершілігін жеңілдетумен қатар, оларға мемлекеттік наградалар беруді де ұсынды. Мәселен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағына ие болған адамға 3 миллион теңгеден аса сыйақы қарастырылыпты. Сондай-ақ үздік дәрігерге 1,5 миллион теңге беру көзделіпті. Денсаулық сақтау саласын жақсартам деген Ажар Ғиният «дәрігерлердің жазасын жеңілдетіп, керісінше жалақысын көбейтуге бюджеттен тағыда қомақты қаржы бөлінсе» дейді. Ведомства басшысының ойынша сала дамып, сапаның артуына жеңіл жаза мен мол мотивация мүмкіндік береді.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Новости партнеров