Гидроцефалия: жаңа құрылғымен 8 балаға ота жасалды

31.01.2024 19:59

Германиядан келген білікті маман шеберлік сабақ өткізді

Almaty.tv

Қазақстанда гидроцефалиямен ауыратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Аталған диагноз кезінде ми ішіндегі қарыншаларда артық сұйықтық жиналады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерттің таралуы тек ел ішінде ғана емес, әлемде бәсеңдемей тұр. Осыған орай мегаполистегі №2 қалалық балалар ауруханасында 3 күннен бері Германиядан келген білікті маман шеберлік сабағын өткізуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылорда облысынан келген Әйгерім Мәтенованың ұлына туабітті гидроцефалия диагнозы қойылған. Балаға алғаш рет 3 айлығында ота жасалып, қазірге дейін 2 рет шунттау жүргізіліпті. Кейіннен жас ана құжаттарын тапсырып, күрделі отаны білікті маманның қолына тапсыруға мүмкіндік алған.

– Операция жасалды. 2 шунттың бірін алып, орнына шунт салып берді. Аллаға шүкір, балам жақсы. Бұған дейін балада ешқандай реакция болмайтын. Аллаға шүкір, желтоқсандағы отадан кейін өзгеріс байқалады. Осы операциядан кейін де үлкен үмітім бар, – деді науқастың анасы Әйгерім Мәтенова.

Шеберлік сабағы барысында жаңа құрылғыларды қолдану арқылы 8 ота жасалған. Бұрын мұндай хирургиялық араласулар 2-3 кезеңнен тұратындықтан, баланың қалпына келуі ұзаққа созылатын. Ал жаңа әдістің арқасында отандық дәрігерлер бір операциямен балалардың миындағы барлық түзілімді алып тастауға мүмкіндік алады.

– Бұл – педиатриялық тәжірибеде және балалардағы нейрохирургияда жиі кездесетін диагноз. Операция барысында барлық ісікті бір-бірімен байланыстыру үшін мидың қарыншасына эндоскопиялық камераны енгізеді. Бұл қайта ота жасау қаупін азайтуға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға арналған өте қиын операция, – деді балалар нейрохирургы Ульрих-Вильгельм Томале (Германия)

Операцияға жергілікті мамандар ғана емес, көршілес елдерден келген профессорлар да қатысты. №2 қалалық балалар ауруханасында былтыр гидроцефалиямен ауыратын 200-ге жуық балаға ескі әдіспен ота жасалған. Дәрігерлер «диагноз неғұрлым ертерек, яғни 1 жасқа дейін анықталса, емделу де соғұрлым жеңіл болады» дейді.

– Қазіргі кезде мынау аурудың өршуіне байланысты гидроцефалия түрлері өте қиындап бара жатыр. Бұл гидроцефалияда жалпы қарыншаның ішіне су ғана жиналмай, көптеген киста орнатылады. Сол кисталар бір-бірімен байланыспайды, судың ағып кететін жолдары жоқ. Балалар өте қиналып жатыр. Сол себепті жаңа құрылғы эндоскопиялық құрылғы арқылы навигацияның көмегімен кисталарды бір-бірімен қосып дренаж немесе шунт орнатып жатырмыз, – деді  нейрохирург Данияр Сәбденәлиев.

Дәрігерлердің айтуынша, отадан шыққан науқастардың қазіргі жағдайы қалыпты. Балалар ары қарай ем алуды жалғастыра бермек. Ал жаңа құрылғымен жасалатын операцияны алдағы уақытта елімізде енгізу жоспарланып отыр.

Мадина Оқас, Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікпен күресуге отандық медицинаның қауқары жете ме