Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасы дәрігерлері өлім аузында жатқан жас жігіттің өмірін арашалап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маусым айының бастапқы күндері кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар кәріз құдығының ішінде ес-түссіз жатқан екі адамды құтқарып қалғаны туралы жаңалық барлық БАҚ беттерінде жарияланды. Зардап шеккендерді жедел жәрдем бригадасы Алматы қаласының №7 Қалалық клиникалық ауруханасына жеткізген болатын.
«Екі ер адам ес-түссіз, өте ауыр халде болды. Келіп түскен пациенттерді №7 қалалық аурухананың қабылдау бөлімшесінің жансақтау бөлімінде реаниматологтар, травматологтар және нейрохирургтардан құралған мультидисциплинарлық бригада тексеріп-қарады», - деп атап өтті аурухана қызметкерлері.
Санаулы әрбір минут қымбат болғандықтан, барлық клиникалық-диагностикалық іс-шаралар шұғыл түрде нақты, тез әрі сапалы түрде өткізілді. Екі ер адамға «Орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен ауыр дәрежедегі күкіртсутек буымен улануынан туындаған жіті уытты энцефалопатия» диагнозы қойылды.
Пациенттердің жай-күйінің ауырлығын ескере келе, дәрігерлер оларды анестезиология, реанимация және қарқынды терапия (АРҚТБ) бөлімшесіне емдеуге жатқызды. Зардап шеккендердің екеуі де өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Жансақтау бөлімінің дәрігерлері ессіз күйде комада болған екі ер адамның өмірімен арпалысып, өліміне араша түсті.
Айта кетерлігі, өлім үстінде жатқан науқастарды өлімнен арашалап қалу үшін дәрігерлер бар күші мен тәжірибесін салып, қолдан келгендерін аянбады.
Келесі күні де есін жимай, ауыр халде, ӨЖЖ аппаратына қосылулы жатқан жатқан науқастарды қарқынды түрде емдеу жұмыстары үздіксіз жасалды.
«Тек 3-ші тәулікте ғана пациенттер комадан айықты. Жай-күйлері тұрақталғаннан кейін, олар бейінді бөлімшеге ауыстырылады. Өз ісінің шеберлері саналатын №7 ҚКА неврология бөлімшесінің мамандары пациенттердің денсаулығы мен олардың жағдайын жақсарту үшін күресті», - делінген баспасөз қызметінен.
Дәрігерлер құтқарып қалған пациенттердің бірі 8 маусым күні ауруханадан шығарылған. Екінші пациент стационар жағдайында ем алуды жалғастыруда.