«Билетті кім сатты, сол компания да жауапқа тартылуы керек». Бүгін Bek Air әуе компаниясынан рейстерінің тоқтатылуына байланысты билетін қайтара алмай жатқан тұтынушылар сот отырысында осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онлайн өткен отырыста азаматтар ұшуға билетті сатқан мекеме де ақшаны қайтаруға міндетті екенін айтты.
«Біз билетті авиатадан алдық. Яғни, олар бізге ақшамызды қайтарып, өздері Bek Air-ден қаражат талап етуі керек. Өйткені біз факт бойынша билетті аталған компаниядан сатып алдық. Олар да жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деді шағымданушы Қуандық Нысанбеков.
«Aviata» ЖШС ресми өкілі:
«Құрметті сот! Мен осыған байланысты пікір білдіргім келіп тұр. Біздің компания алып-сатумен айналыспайды. Біз әуе компаниясынан билеттерді сатып алып, оны азаматтарға басқа бағамен сатпаймыз. Біз тек екі жақты заңды келісімшарт жасауға септесеміз. Сондықтан барлық жауапкершілік тасымалдаушыға жүктеледі. Біз көрсеткен қызметіміз үшін ғана ақша аламыз», – деді.
Ал, Bek Air компаниясының ресми өкілі қойылған сауалдарға «Білмеймін. Жауап бере алмаймын. Бұл сұрақ менің құзырымда емес» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Тіпті, билеттерін қайтара алмай байбаламға түскен халықтың сұрағына мардымды жауап бере алмады. Ал, ендігі сот отырысы 19 маусымға жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейік, былтыр 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшпақшы болған Фоккер 100 ұшағы апатқа ұшыраған еді. Салдарынан 12 адам опат болды. Ал, бортта 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.