Кез келген вирустық инфекцияны жұқтыру кезінде катаральдық белгілер басым болады
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында тұмау, ЖРВИ-дан басқа да вирус түрлерінің таралып жатқанын ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстанда тұмаудан басқа оған ұқсас вирустар таралуда. Тұмауға ұқсас инфекциялар бойынша 2292 сынама алынды. Оның ішінде 341 сынама немесе 14,8 пайызы оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, риновирус – 124, РС вирус – 97, парагрипп – 35, коронавирус – 32, аденовирус – 32, бокавирус – 15 және метапневмовирус – 6», - деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, кез келген вирустық инфекцияны жұқтыру кезінде катаральдық белгілер басым болады.
«Мұрыннан су ағып, тамақ ауырады. Сол сияқты катаральдық белгілермен бірге температура көтеріледі», - дейді ол.
Сондай-ақ маман аурудың алдын алу үшін профилактика шараларын сақтауды ұсынды:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық жерлерге баруды шектеу;
-бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып, дезинфекциялық режимді күшейту;
- қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану;
- науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау;
- ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке жібермеген жөн;
- медициналық көмекке уақтылы жүгіну керек.