Жаңа жыл қарсаңында отшашудан зардап шеккендер саны күрт өседі - дәрігер

30.12.2022 20:03

Ақ халаттылар бала үшін ата-ана жауапты екенін ескертеді

facebook.com

Жарылғыш отшашулардан опық жейтін жасөспірімдер саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, жылда Жаңа-жыл түнінде 20-30-ға жуық адам күйік шалу бөлімшесіне түседі екен. Медицина мамандары олар пиротехниканы дұрыс қолданбағандықтан, сатып аларда оның сертификатының бар-жоғын тексеріп алмағандықтан жарақат алатынын айтты. Олар пиротехникалық заттарды қолданарда барынша абай болуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баласының амандағын тілеген ата-аналар болса, отшашудың сатылымын ерекше бақылауға алу керегін айтады. Себебі пиротехника саудасымен айналысатындар балалардың жасына да қарамай қолына ұстата салады екен.

«Кішкентай петарда деген бар ғой өтіп бара жатсаң атады. Ол өте қауіпті деп ойлаймын», – деді ата-ана Фариза Сәрсенбаева

«Пиротехника тұрмақ үйдегі тұрмыстық техника заттарына қауіпсіздігіне күмән келтіретін болып жатырмыз ғой. Осы мерекеде пиротехниканың кесірінен қанша адам күйікке шалу бөлімшесіне түсіп жатады. Сондықтан да қарсымыз оған», – деді ата-ана Гүлдерай Әуезбек.

Пиротехникадан жапа шегетіндердің көбін күйік шалады екен. Бұл тұста медицина мамандары қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

«Олар өздері түсінбей қалады, қолында жарылып кетеді. Иә болмаса бір-бірімен ойнап киімінің астына лақтырып жатады. Пиротехникадан түскен жарақат көбінде қосалқы болып келеді. Жылдан-жылға көбейіп жатыр. Алатау, Жетісу ауданында көп», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы күйік бөлімшесінің меңгерушісі Раджа Жұмаділдаев

Алматыдағы №4 клиникалық аурухана дәрігерлері мереке қарсаңында күйік шалу бөлімшесінің толып қалатынын айтады.

«Жаңа жыл қарсаңында отшашудан зардап шеккендер саны күрт өседі» дейді мамандар. Күйік шалу бөлімшесіне бір тәулікте 20-30 адамға дейін келіп түседі.

«31 желтоқсан сағат 12:00-ге дейін күйік жарақатымен науқастар түседі. Науқастар отшашудан кейін жарақатпен түседі», – деді №4 клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Магадин Хайроев.

Ақ халаттылар бала үшін ата-ана жауапты екенін ескертеді. Сондықтан отшашуды сатып аларда да, пайдаланар кезде де олардың қасында болып, қауіпсіздік шарасын ұстануды сұрайды.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» теларнасы