Қазақстандағы вакциналар қауіпсіздік бойынша үш кезеңді тексерістен өткізіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР ДСМ Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандағы иммунобиологиялық препараттарды бақылауда ұлттық орган қызметін атқаратын ҚР ДСМ Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығы вакциналардың қауіпсіздігі мен екпелердің ұлттық күнтізбесі туралы айтып берді.
Вакциналар - технологияларының күрделігімен, құрамымен, адамның ағзасына әсер ету механизмінің әртүрлілігімен ерекшеленетін және сапа мен бақылау жағынан ерекше талап ететін иммунобиологиялық препараттар. Ағзаға вакцина жіберілгеннен кейін инфекцияға қарсы спецификалық белсенді иммунитет қалыптасады.
Вакцинация мен иммунопрофилактика жұмыстары денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болғандықтан, Қазақстан халқын қауіпсіз әрі тиімді вакцинациямен қамтамасыз ету үшін біздің елімізде вакциналарды бақылаудың мемлекеттік жүйесі жұмыс істейді.
Сараптама барысында вакциналардың сапасы үш кезеңнен тұратын тексерістен өтеді: бастапқы сараптама, талдау сараптамасы және мамандандырылған сараптама. Осы сараптама жұмыстарының бәрі де Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығында және оның мемлекеттік және халықаралық стандарттар бойынша акредиттелген сынақ лабороторияларында жүргізіледі.
Мәселен, орталықтың жанында иммунобиологиялық препараттардың сараптамасын жүргізетін Орталық Азиядағы тұңғыш биологиялық сынақ лабороториясы жұмыс атқарып тұр. Биотехнология, иммунология мен өзге де ғылым түрлерінің белсенді түрде дамуына байланысты орталыққа қарасты лаборториялар тұрақты түрде жаңғыртылып отырады.
Ал ондағы сарапшылар өзінің құзіреттерінің аясын кеңейтіп, біліктілігін арттыруда. Қазақстанда бюджет қаражатының есебінен қауіпті саналатын 21 аурудың түрі бойынша алдын ала екпе жұмыстары жүргізіледі. Ол аурулардың қатарына туберкулез, қызылша, гепатит және тағы басқа сырқаттар жатады.
Инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы екпе жұмыстарына алдын ала екпенің ұлттық күнтізбесінде бекітілгеніндей, қазақстандықтар жасы бойынша тартылады. Бұл құжат ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген нормативті-құқықтық құжат болып саналады.
Сонымен бірге, халықтың өзге де топтары екпе жасата алады: инфекциялық аурудың ошағы саналатын өңірлердің тұрғындары, тәуекел топта еңбек етіп жүрген топтағы азаматтар (мәселен, медициналық қызметкерлер, канализациялық және тазарту жүйесінде еңбек ететін адамдар, диспансерлік есептегі балалар, балалар үйіндегі жеткіншектер, қарттар үйі мен өзге де мекемелердегі адамдар) бар.
Ұлттық күнтізбе біздің еліміздегі эпидемиологиялық жайлылықты қамтамасыз ету бойынша маңыздылығы жағынан бастапқы ресми құжат болып саналады әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай келеді.