Алматы мен Оңтүстік Корея денсаулық сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

31.10.2023 20:11

Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, екі елдің денсаулық сақтау саласын дамытуға септігін тигізері сөзсіз

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева мен Пусан (Корея Республикасы) Со-гу ауданының мэрі Гонг Хан Су Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Пусан қаласы Со-гу ауданы (Корея Республикасы) әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Келісім - денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, екі елдің денсаулық сақтау саласын дамытуға септігін тигізері сөзсіз.

Мұндай ынтымақтастық адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ Алматы мен Корея Республикасының медициналық ұйымдарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Меморандум бірлескен іс-шараларды, соның ішінде конференция, семинар, тренингтерді және денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе мен білім алмасудың басқа да нысандарын қарастырады. Мұндай іс-шаралар екі елдің мамандарына ауруды емдеу мен алдын алудың озық технологиялары мен әдістерін білуге, тәжірибе мен білім алмасуға көмектеседі.

Сонымен қатар, тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында ынтымақтасады. Бұл Алматы мен Корея Республикасының ғалымдарына халық денсаулығын жақсартуға бағытталған түрлі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Назгүл Иманғалиева атап өткендей, меморандум денсаулық сақтау сияқты маңызды салада елдер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашады.

Екі жақта қарым-қатынастың одан әрі нығаюына үміт білдіріп, меморандумды тереңірек әрі жан-жақты серіктестік жолындағы маңызды қадам деп санайды.

Жиынға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, Алматы қаласы әкімі аппаратының сыртқы байланыстар және тіл білімі департаменті өкілі, «Қазақстан туризм индустриясы» төрағасы, Пусан қаласы Со-гу ауданы (Корея Республикасы) әкімшілік өкілдері мен денсаулық орталығының басшысы қатысты.