Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар арасында онлайн жиын өтті

total.kz
total.kz
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өткізген жиынға азаматтық қоғам өкілдері мен арнайы сарапшылар қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген онлайн дөңгелек үстел «Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар» тақырыбына арналды.

«Вакцинация маңыздылығын, әсіресе, қазіргі таңда тұтас әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде қайта бағалау барынша күрделі екендігі сөзсіз. Бұған қоса, вакцина әзірлеудің оң нәтижелерін тағатсыздана күтіп отырмыз», – деді Аида Балаева.

Кездесуде министр, вакцинацияға қарсы пікірлер бар екендігіне, сондықтан түсіндірме  жұмыстарының маңыздылығын да атап өтті. Кездесуге қатысқан қоғамдық ұйым өкілдері өз наразылықтарын түсіндірді.

Атап айтқанда, өзін халықтық емші ретінде таныстырған, "Quantum Mind Leap" ЖШС директоры Виктория Ли вакциналар кеңестік кезеңде ғана пайдалы болғанын, содан кейін сау адамды науқасқа айналдыра бастағанын айтты.

«Құрамы туралы ақпарат түсініксіз. Формальдегид консерванты вакциналардың құрамында да қолданылады. Ол канцероген болып табылады, яғни обырдың одан әрі дамуына ықпал ете алады», – деді ол.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығының төрағасы Арнұр Нұртаев екпелердің құрамын түсіндіре отырып, формальдегид вирустарды, мысалы полиомиелитті инактивациялау үшін пайдаланылатынын айтты.

«Біз қандай да бір адъюванттар, протеиндер, қант, формальдегидтер, сынап не үшін пайдаланылатынын түсіндіруге тырысамыз. Екпе жасап шығу үшін әртүрлі тұрақтандырғыштарды, инактиваторларды пайдалану қажеттілігін қамтитын өте күрделі биологиялық реакция қажет. Бірақ ең маңыздысы, екпедегі формальдегид санының аздығы соншалықты, сіз су ішкенде екпеден гөрі анағұрлым көп аласыз», – деп түсіндірді ол.

М.Горький атындағы орыс драма театрының актрисасы Светлана Фортуна, вакциналардың құрамы, жанама әсері туралы зерттеулер жазылған арнайы үкіметтік сайт қажеттігін айтты.

«Бірде церебралды сал ауруымен ауыратын жүз баланың ағзасын зерттедік. Ұзақ зерттеп, вакцинаның салдары жоқ екендігін анықтадық. Көбіне анасының денсаулығына, күтіміне байланысты болып шығады. Былтыр 6003 адам ғана бас тартқан», – деді Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, акушер-гинеколог Вячеслав Локшин.

«Аллергия, демікпесі бар, неврологиялық аурулары бар балалар егуге болмайды деген дұрыс емес, вакцина жасалуы тиіс. Ағылшын докторы Уэйкфелдьтің «Вакцина аутизмге шалдықтырады»деген еңбегіне дәлел табылмады. Кері әсері туралы көп айтады, ал қазір егілетін жасушасыз вакцина еш ауру тудырмайды. Дәл осы екпелерге қатысты Денсаулық кодексіне арнайы норма да енгізілді. Ешкім ешкімді мәжбүрлеп екпе салмайды. Ата-ана құқы сақталған», – деді №4 қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Виниченко.

«Үш мың ұсыныс келіп түсті. 717 түзету енгізілді. Бұл – өте маңызды заң жобасы. Кодекстің 80% өзгерттік. Халық сапасына сенбейді. Сондықтан вакцина өндіруші, оны тасымалдаушыларға жауапкершілік қатаңдатылды. Бұл тақырып қоғамда біраз талқыланды. Ата-аналар мен білікті сарапшылар, дәрігер мамандардың басы қосылып, талай сауалға тұщымды жауап берілді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова.

«Ұлт саулығы сынға түскен кезде халықтың пікірін ескеру маңызды. Біз әр азаматқа заң тұрғысынан толық түсіндіруіміз қажет. Қазір бүкіл әлемді шырмап алған вирус жағдайында вакцинацияның өзектілігі артып отыр. Екпеге қарсы азаматтардың пікірін ескермеуге болмайды. Себебі бүкіл қоғамның саулығына қатысты мәселе. Осы үлкен жауапкершілікті бірге атқаруымыз қажет», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Новости партнеров