Маймыл шешегін жұқтырған науқас «Вектор» орталығының тест жүйелерімен анықталған
Ресейде маймыл шешегімен тіркелген науқас Еуропа елдеріне саяхаттап келген. Бұл туралы «Роспотребнадзордың» баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, пациентте ауру жеңіл түрде өтіп жатыр, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.
«Науқас оқшауланған және инфекциялық профильді емдеу мекемесінде жатыр», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ науқаспен Ресейде байланыста болғандар шеңбері шектеулі, ол пәтерде жалғыз тұрған.
«Барлық байланыста болған адамдар дер кезінде анықталып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Диагноз расталса, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Уақтылы эпидемиологиялық тексеру жүргізілуіне байланысты инфекцияның одан әрі таралу мүмкіндігі тоқтатылды. Жағдай «Роспотребнадзордың» қатаң бақылауында», - делінген хабарламада.
Маймыл шешегін жұқтырған науқас «Вектор» орталығының тест жүйелерімен анықталған. РФ-да вирусты анықтауға арналған реагенттер жиынтығы жеткілікті екені мәлім етілді. Сонымен қатар, елдің денсаулық сақтау министрлігі өңірлерге маймыл шешегі бойынша әдістемелік ұсыныстар жіберген.