Денсаулық сақтау министрі елде не себепті дәрі-дәрмек жетіспей жатқанын түсіндірді

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстанда коронавирус инфекциясынан көз жұмған адамдарды жерлеу ережелері өзгертілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда карантин шараларын күшейту бойынша шешім әлі қабылданған жоқ. Алайда жақын күндері мемлекеттік комиссия бұл мәселені қарастырады.  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді. Оның сөзінше, эпидемиологиялық жағдай мен бизнеске және өңірлердегі қалыптасқан жағдайға әсерін ескере отырып, бірнеше нұсқа ұсынылған. Сонымен қатар, министр Мемлекет басшысына коронавируспен күрес бойынша 10 шараны ұсынған болатын. Ол жөнінде толығырақ әріптесім Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Жақында ғана тағайындалған Денсаулық  сақтау министрі Алексей Цой бүгін бірінші брифингін өткізді. Ол қазіргі уақытта жағдай инфекцияның үйде таралу деңгейіне өтіп кеткенін жеткізді. Алайда халықтың дертпен өз бетінше күресуі, жаппай дәрілер сатып алуы дұрыс емес деді. Сол себепті елде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр деп санайды.

«Мессенжерлер мен әлеуметтік желілердегі әртүрлі провокациялық әңгімелер халықтың «алда керек боп қалар» деп қор жинау мақсатында дәріханадан дәрі-дәрмекті, әсіресе ыстық түсіретін препараттарды көптеп сатып алуына әкеп соқты. Мұндай препараттар біздің елімізде жеткілікті деңгейде өндірілетінін атап өткім келеді. Дүрбелеңді ескере отырып, дәрі-дәрмекті сатып алу мен жеткізу ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ірі партиясын жеткізді. Мұндай препараттар ем-дом хаттамасына сәйкес амбулаториялық деңгейде COVID-19 індетін емдеуге қолданылмайтынын атап өткім келеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сонымен қатар, Қазақстанда коронавирус инфекциясынан көз жұмған адамдарды жерлеу ережелері өзгертілгенін жеткізді. Енді қайтыс болған адамды санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды сақтай отырып, кез келген зиратқа жерлеуге болады. Бұдан бөлек, осы жылдың тамыз айының соңына дейін еліміздегі стационарларда қосымша 10 мың төсек-орын даярланады. Стационарлардың құрылымында жан сақтау бөлімшелері мен интенсивті терапия палаталары ашылып, өкпені жасанды желдету аппараттары қойылады.

«Бұл вирустың бір ерекшелігі –  пациенттер көбіне стационарлық ем-домға және тыныс алуды жасанды түрде қолдауға мұқтаж. Қазіргі таңда елдегі стационарлық төсек-орындардың толымдылығы – 60 пайыз. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш – 90 пайыз. COVID-19 пациенттерін емдеу үшін 348 медициналық ұйымда 26 мың төсек-орын әзірленді. Өкпені жасанды желдету аппараттарының жалпы саны – 3 294. Кейінгі айда 978 аппарат сатып алынды. Оған қосымша осы аппараттың 1 мыңын сатып алу көзделуде», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.  

Сонымен қатар, Үкімет 1 миллионнан астам тест сатып алу үшін 1 млрд теңге бөлгені белгілі болды. Министрдің мәлімдеуінше, тест тапшылығы енді болмайды. Айта кетейік,  бүгінгі таңда Қазақстанда 46 диагностикалық зертхана бар. Алайда қазіргі жағдайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан қосымша 20 ПТР-анализатор сатып аламыз дейді министр. Сондай-ақ, енді жедел жәрдем бригадалары да шақыртуларға барғанда науқастан тест алатын болады. Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі бүгін Президентке короновируспен қалай күресетінін баяндаған болатын. Ол өз нәтижесін беруі тиіс деген 10 негізгі шара қабылдауды ұсынып отыр.

Асылбек Тойбек, "Алматы" арнасы 


Новости партнеров