Донор болу адам өмірін 5 жылға ұзартып, жүрек талмасы дертін 90 пайызға азайтады
Қан құймаса жарық дүниеде қалу-қалмауы белгісіз, тағдыры қыл үстіне тұрған науқастардың бүгін үміт оты жағылды. Алматыдағы қан орталығына 170 адам өз аяғымен келіп донор болды, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіпті, Қапшағайдағы десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінің 140-қа жуық сарбазы мен әскери қызметкерлері де қан тапсыруға дайын екендіктерін алдын-ала жеткізіпті. Дәрігерлер бұл бөлімшеге өздері барып, олардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қан алып қайтты.
Әдетте орталыққа күніне 50 шақты адам келіп қан тапсырса, Халықаралық донор күні олардың саны екі 2-3 еселеніп, 150-200-ге дейін жетеді екен. Осы жолы 140-тан астам сарбаз бен әскери қызметкер донор болуға ниетті екендіктерін жеткізген. Әрқайсысы кем дегенде 350 мл-ден қан берген. Бастысы, жұқпалы ауру жұқтырып алу қаупі жоқ екеніне кепілдік береміз дейді дәрігерлер.
«Қан ауруымен ауыратындарға күнделікті қан керек. Сол үшін №7 ауруханадағы гемотология бөліміне күнделікті қан тапсырып тұрамыз. Шамасы 20-30 литрдей қан ауруханаға таратылады. Көбісі қан тапсырайын десе, қандай да бір ауру жұқтырып аламыз ба деп қорқады. Айтайын дегенім, біздің орталықта қауіпсіздік жағдайы толық қарастырылған», – дейді Алматы қалалық Қан орталығының директоры Жандос НАДИРОВ.
Адамдардан қан алынбас бұрын, алдымен олардың денсаулығы толықтай тексеріледі. Денсаулығында ешқандай кінараты жоқ, бірінші кезекте жұқпалы аурумен ауырмаған адамдардан ғана қан алынады. Сондай-ақ, гемоглобині 140-тан төмен кісілер донор бола алмайды. Ал, ВИЧ, В, С гепатиті, мерез сынды ауруларға талдау жасату тегін. Әдетте, қан тапсыруға келгендердің 30 пайызы денсаулығына байланысты донор болуға жарамсыз болып шығады. Орталыққа тұрақты келетін, тіпті осымен 50-рет қан тапсырып жатқандар да бар. Соларлың бірі – Зәкір Сұлтанбайұлы. Мамандығы дәрігер қайырымды жан 3 жылдан бері әр 2 ай сайын кем дегенде 450 мл-ден қан тапсырып тұрады екен. Оның себебін ол өзгенің өмірін ұзартумен қатар, өз денсаулығына да пайдалы деп түсіндіреді. Мамандардың айтуынша, тұрақты түрде донор болу адам өмірін 5 жылға ұзартып, жүрек талмасы дертін 90 пайызға азайтады екен.
«Өзім дәрігер болған соң күнделікті өмірде балалармен жұмыс істеп, қан құю жағдайымен ұшырасып отырамын. Сондықтан донор болуды қанға зәру жандарға көмек әрі өзімнің міндетім деп есептеймін. Орталыққа әр екі ай сайын келіп, қан тапсырып тұрам. Гемоглобин деген біздің қан жүйесі арқылы әр мүшеге оттегі жеткізіп тұрады. Сол үшін гипоксия болады. Ал гемоглобиніңіз онсыз да төмен болса, онда қан тапсырудың сізге көмегі тимейді және науқастың да гемоглобині көтерілмейді», – дейді тұрақты донор Зәкір АТАХАНОВ.
Донорлардан алынған қан арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Мәселен, эритроцит +2,+4 градуста – 42 күн, ал тромбоцит – +20, +24 градус аралығында 7 күн сақталса, қан плазмасы -180 градуста 3 жылға дейін шыдайды.
Бүгінде Алматыдағы қалалық қан орталығының қорында 5 мың литр плазма бар. Жылына кем дегенде 15 мың донордан 4-5 мың литрдей қан алынады екен. Сондай-ақ мегаполистегі қан тобы сирек кездесетін, резус-факторы теріс адамдардың арнайы тізімі де бар. Шұғыл жағдайда дәрігерлер хабарласып, хал үстінде жатқан жанға көмек көрсетуін сұраса, олардың ешқайсысы да бас тарпайды екен.
Қан тапсырған күні студенттер сабақтан, қызметкерлер жұмыстан босатылады. Бірақ, жалақысы толық төленеді. Еліміз бойынша жыл сайын 200 мыңнан астам адам қан тапсырады. Оның 18 мыңнан астамы – тұрақты түрде қан беретін донор.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев. «Алматы» телеарнасы