Клизма қалпақшасын баланың тік ішегінде қалдырған ақтөбелік медбике жазаланды

14.09.2023 20:27

Оқиға Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында болды

Ашық дерек көзінен

Ақтөбеде ауруханаға түскен сәбиге клизма жасаған медбике оның тік ішегінде медициналық құрал бөлшегін қалдырған. Клизманың қалпақшасын науқастың анасы бала үлкен дәретке барған кезде бір-ақ көрген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында болды. Сәби сынап жұтып,  уланып қалған. Сол кезде медбикеге клизма жасау тапсырылады.

- Медбике бізде екі айдан бері жұмыс істеп жатыр. Жас маман. Мынадай оқиға болған соң тексеру жүрді. Бала екі жаста. Клизма жасаған кезде қалпақшасы кіріп кеткен. Қорқып, ешкімге айтпаған. Тексеріп, осы жағдай анықталды. Бала үшін қауіпті емес. Үлкен дәретімен шықты. Қазір бала үйінде. Ешқандай шағым жоқ, - деді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.

Оның айтуынша, оқиғадан соң бөлімнің бас медбикесіне, сонымен бірге жас маманға сөгіс берілді. Қазіргі кезде жас маман біліктілігін арттыруға жіберілді.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 300 адам қызылша жұқтырған