Алматылық науқас оңалту емінің арқасында аяққа тұрды

11.12.2023 20:32

2023 жылы 560 науқасқа ем жүргізілді

Сурет: ҚДС басқармасының баспасөз қызметі

 №7 қалалық клиникалық аурухананың нейрореабилитация бөлімшесінде ұзақ уақыт медициналық оңалтудан өткен 67 жастағы науқас үшін бүгін ерекше күн. Өз бетімен жүріп-тұру қабілетінен айырылған ол мұнда зембілмен жеткізілген. Ұзақ емнен кейін ауруханадан өз аяғымен шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасына сілтеме жасап.

Абайсызда құлап жарақат алған науқасқа екі рет ота жасалған. Оңалту бойынша екі курс ем алғанымен нәтиже көрмеген. Аяқ-қолы әрекет  етпей қолын көтере алмай қалған әрі біреудің көмегінсіз жүріп-тұра алмайтындай жағдайда болған.   

- Реабилитация бөліміне келген кезде ауыр халде едім, аяқ-қолымды қозғаудың өзі мұң болды. Осында алған емнің арқасында аяққа тұрдым. Күнделікті 50 метрге дейін жүретін болдым. Қолыма өзім иелік етіп, желкемді, мұрнымды қасып, қасық, кесе ұстай алатын халге жеттім. Жазылып келе жатқаныма көзім жеткен соң, жігерленіп, өз-өзіме сене бастадым. Бөлімше меңгерушісі Айнұр Жиенбайқызы мен инструктор маман Жанасыл Рысбекұлына айтар алғысым шексіз. Менің аяққа тұруыма осы кісілердің сіңірген еңбегі зор. Соның арқасында өзімді жақсы сезініп, аяқ-қолыма жан бітті. №7 аурухана қызметкерлерінің бәріне  ризамын, - дейді науқас.

Нейрореабилитация бөлімінің меңгерушісі Айнұр Досыбаеваның айтуынша, пациент оңалтудың 1 және 2-курсынан өтіп, денсаулықты қалпына  келтіруге бағытталған ем-шара алған. Онда науқастың денсаулық жағдайына қарай дербес және кешенді оңалту шарасы жүргізілді.  

- Әрқайсы 14 күннен тұратын екі курс барысында науқас күн сайын кинезиотерапевпен жұмыс істеді. Нейрореабилитацияның ПНФ, Бобат-терапия сынды ең жаңа әдістерімен емделді. Сондай-ақ арнайы қондырғылар арқылы жаттығып, массаж, физио-ем қабылдады, еңбекке бейімделді. Нәтижесінде күнделікті өмір сүруге қажетті дағдылары қайта оралды, - дейді реабилитолог дәрігер.

Бөлімшеде мультидисциплинарлық емдеу тәсілі қолданылады. Көптеген маманның қатысуымен жүргізілетін ем-дом пациентті мүгедектіктен сақтап қалады және оның қатарға қосылып кетуіне мүмкіндік береді.

- Ауруханадан шыққанға дейін аяқ-қолындағы бұлшықеттері қатайып, өз бетімен жүріп тұратын болды, қолын көтереді, жұдырығын ашып-жұмады. Енді ол реабилитацияның 3-кезеңіне жолданды. Емді тұрғылықты жердегі емханадан қабылдайды, - дейді Айнұр Досыбаева.

Оның айтуынша, №7 аурухананың нейрореабилитация бөлімшесі 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда мидағы қан айналымы бұзылған пациенттер оңалтудың екінші кезеңінен өтеді және ми мен жұлынға ота жасалады. Бұл жерде емделу үшін ауруханаға жатқызу бюросы арқылы кезекке тұру қажет. 

Айта кетерлігі медициналық реабилитация мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом МӘМС арқылы жүргізіледі. Оңалтудан мидағы қан айналымы бұзылған немесе операция жасатқан пациенттер алғашқы 6 ай ішінде өте алады. 2023 жылы бөлімшеде 560 науқас ем қабылдаған. Оның 70% – инсульт алған науқас болса, 30% – түрлі операциялардан кейін келгендер.

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік көмек мөлшері қанша теңгеге артты