17 мамыр Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні
Дүние жүзінде жыл сайын Гипертониямен күрес жөніндегі дүниежүзілік лиганың бастамасы бойынша 2005 жылдан бастап 17 мамыр Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні аталып өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
2021 жылы ол «Өзіңіздің артериялық қан қысымыңызды өлшеңіз, бақылаңыз, ұзақ өмір сүріңіз» ұранымен өтеді. Негізгі идеясы – әр адам үнемі өзінің артериялық қан қысымын өлшеп отыруы тиіс.
Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні шеңберінде Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бастамасы бойынша, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен бірлесіп, 2021 жылғы 17 мамырда жас дәрігерлер, мейіргерлер мен артериялық гипертонияға шалдыққан пациенттерге арналып институттың денсаулық сақтау мектептерінде off-line режимінде және өңірлердің медициналық ұйымдарында оn-line режимінде «Артериялық қан қысымы бар пациенттерді анықтау және емдеп қараудағы мейіргердің рөлі», «Артериялық қан қысымын мониторингілеу мен емдеудің тиімділік индикаторларына қол жеткізу» білім беру бағдарламалары ұйымдастырылды.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы, профессор, м.ғ.д., жоғары санатты дәрігер Роза Куанышбекова: «Артериялық қан қысымының жоғары болуы өлім мен мүгедектілікке алып келетін инфаркт пен инсульттің даму қаупінің жетекші факторы болып табылады. Гипертония – жүрек-қантамыр ауруларының ең кең тараған ауруы. Жүрек-қантамыр аурулары жылына болатын шамамен 17 млн өлім жағдайына себеп болып табылады, бұл өлімнің жалпы санының үштен бір бөлігіне жуық. Олардың ішінде гипертонияның асқынуы жыл сайын әлемде болатын 9,4 миллион өлім жағдайын тудырады. Гипертонияның үлесіне жүрек ауруларынан болатын өлімнің 45% және инсульттен болатын өлімнің 51% келеді», – деп атап өтті.
Әр адам қауіптің аса елеулі факторлары туралы хабардар болуы тиіс, өйткені олардың кейбіріне ол өз бетінше немесе дәрігердің көмегімен әсер ете алады, осылайша артериялық гипертония және оның асқынуларының пайда болу қаупін азайтуға ықпал етуі мүмкін.
Артериялық гипертонияның басқарылатын қауіп факторлары бар. Бұл адамның психоэмоциялық жүктемеге, стреске реакциясы, артық салмақ, дене қимылының аз болуы, үнемі отырып жұмыс жасау; темекі шегу, алкогольді шамадан тыс қолдану, тұз, майлар мен қантты артық қолдануы. Осындай факторлармен күреспейінше, артериялық гипертонияның алдын алу және емдеуде табысқа қол жеткізу қиын.
«Сондықтан осы шараларды өткізудегі мақсат - адамдардың назарын артериялық гипертонияны дер кезінде анықтауға аудару және өмірге қауіпті болатын күйлердің алдын алу»,– дейді Роза Тохтанәліқызы.
Сонымен қатар, 22 мамырда институттың оқытушы-профессорлар құрамы мен медицина қзметкерлерінің қатысуымен «Күніне 30 минут жаяу жүріңіз» денсаулық марафоны өтеді. Марафон бағдарламасында: жүрек және тамырлардың саулығын қолдауға арналған жаттығулар, артериялық қан қысымын өлшеу, дене шынықтыру, тыныс алу гимнастикасы және жаяу жүру. Қатысушылар саны шектелген (25 адам). Осы уақытта барлық тілек білдірушілер өздерінің ауласында белгілі бір бағытта 30 минут аралығында жаяу жүре алады.
КВИ жұқтыру қаупін болдырмас үшін COVID-19 пандемиясы жағдайында қауіпсіздік талаптары ескерілетін болады.