Президент сынынан кейін қолға алынған бастама ақ халаттылар жұмысын жеңілдетпек
Денсаулық сақтау саласы жаңа «eHealth» электронды жүйеге көшеді. Бұл жоба цифрландыру мақсатында жасалып отыр, деп хабарлайдыAlmaty.tv тілшісі.
Президент сынынан кейін қолға алынған бастама ақ халаттылар жұмысын жеңілдетіп, халыққа қолжетімді қызмет көрсетуге мол мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда министрлікте жаңа платформаға көшу жұмыстары пысықталуда.
Мирас – жас маман. Жұмысқа тұрғанына 1 жылға жетпеді. Күнделікті қызметінде біріңғай база арқылы келушіге қызмет көрсетеді. Бұрыңғыдай журнал толтырып, кесте іліп, қағаз, қаламды серік етпейді. Оның айтуынша, уақыт үнемдеу жағынан тиімді.
«Біз бұрыңғыдай есептерді қағазға жазып, қаламмен енгізіп отырмаймыз. Арнайы бағдарламаға енгіземіз. Цифрландыру дәрігерлердің уақытын үнемдейді. Бізде бұрында қағаз көп болатын», – деді дәрігер-статистик Мирас Күмісбаев.
Саланы «eHealth» денсаулық сақтаудың жаңа экожүйесіне көшіру қарастырылып жатыр. Бұл азаматтардың медициналық көмекті сапалы әрі қолжетімді алуға бағытталған. Науқастардың денсаулық жағдайын үнемі бақылауда ұстап отыруы да қарастырылған. Сондай-ақ медициналық қызметтерді жедел ұсынуды жүзеге асыруды қамтамасыз етмек.
«Қазіргі базалық министрлік ақпараттық жүйелерін түрлендіру жұмысын жүргізе отырып, медицина саласында бірнеше ақпараттық жүйелерді біріктіріп өзара байланыстырып қарастырып жатырмыз. Мақсат – дәрігерлер жұмысын жеңілдетіп, халыққа сапалы медицинаны ұсыну болып табылады», – деді ҚР ДСМ Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Асқар Мелдебаев.
Қазіргі таңда денсаулық экожүйесі науқасқа 4 бағытта қызмет етіп келеді. 40-тан аса электронды жүйе жұмыс істеп тұр. Министрлік өкілі мұның тиімсіздігін айтты. Оның айтуынша, барлығын біріңғай бір жүйеге келтіру қажет. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін дербес төлеушілер жарнаны 12 ай бұрын төлеу механизмін енгізу қарастырылып отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы