Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты
Алматылық дәрігерлер қауіпті дерттің бетін қайтарды. Олар асқынған инфекциялық эндокардитке шалдыққан науқасқа ота жасап, өмірін сақтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Людмила Черникова осыдан 2 ай бұрын қалалық кардиологиялық орталыққа ауыр халде жеткізілген. 38 жастағы науқас бастапқыда аурудың еш белгісі болмағанын айтты.
– Мен кардиоорталыққа жүрек ауруымен келдім. Мән бермей жүріппін, эндокардитке шалдыққанымды қайдан білейін? Ауруханада дәрігерлер бар жағдайымды жасады. Ота да сәтті өтті. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – деді науқас Людмила Черникова.
Келіншек күрделі отадан соң бір апта жансақтау бөлімінде жатып, кейін кардиохирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Ақ халаттылардың айтуынша, қазір науқастың жағдайы бірқалыпты.
– Жас әйел 2 ай бойы ауырып жүрген, температурамен бірнеше рет қалалық ауруханада ем алған, ең соңғы ем алу барысында толық диагноз қойылған. Инфекциялық эндокардит нейтралды қақпаша және артериалды қақпаша зақымданған. Біздің мамандар барып көріп, науқасқа шұғыл операция жасау керек деген шешім қабылады, – деді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мүсірепов.
Дәрігерлер «инфекциялық эндокардит – қауіпті дерт» дейді. Елемей жүріп, өліп кеткендер де аз емес. Ауру жайлы толық ақпар айтқан мамандар «ауру белгісі кенеттен пайда болуы да мүмкін» дейді.
Айкерім Айтмолда, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елде коронавирусқа қатысты карантин жариялануы мүмкін бе