Нұр-Сұлтанда пневмониямен ауруханаға түсетін науқастардың саны екі есеге өсті. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Басқарма басшысының айтуынша, маусым айында пневмонияға шалдыққан пациенттердің саны күрт өсті. Өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артық болып тұр.
«Қалада күн сайын, шамамен, 200 адам пневмониямен ауруханаға жатқызылады. Соңғы күндері 300 науқасқа дейін барған», – деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, амбулаториялық деңгейде, яғни үйде пневмониядан емделіп жатқан адамдар да аз емес.
«Күн сайын ондай 50-60 науқас тіркеледі», – деп атап көрсетті Қисықова.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бүгінде республика бойынша мыңдаған адам пневмониямен ауруханаға жеткізілетінін мәлімдеген болатын. Ол ПТР-тесттің нәтижесінде коронавирус анықталмайтынын айтқан.
«Бүгін ел бойынша стационарларда ПТР нәтижесі теріс, пневмониямен 28 мың пациент ем алуда. 98,9 процент науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Солардың ішінде 330 пациенттің жағдайы ауыр», – деді Ғиният бүгінгі онлайн брифингте.
Бұдан бөлек, стационарларда жедел респираторлық вирусты инфекциямен немесе тұмаумен 4 000-нан астам науқас емделіп жатыр. Олардың ПТР-тесті де коронавирустың жоқтығын көрсеткен.