Еңбектің еленгені қуантады – дәрігер

01.07.2024 20:55

Марат Серікұлы бұл салада 18 жылдан бері қызмет етіп келеді

Almaty.tv

«Еңбектің еленгені қуантады.» Нейрохирургия саласында 4000-нан аса ота жасаған нейрохирург дәрігер осылай дейді. Марат Серікұлы бұл салада 18 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол биылдың өзінде 200-ге жуық ота жасап, оның барлығын сәтті өткізіпті. Сөзінше, көмекке жүгінетіндердің көбі – 35 жастан асқан жандар, деп хабарлайды Almaty.tv.

2004 жылы «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын» бітіргеннен кейін, алғашында ол Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталықта нейрохирург болып жұмыс істей бастаған. Ал қазір Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада қызмет етеді. Маманның сөзінше, бұл салаға деген қызығушылық балалық шақтан басталыпты.  

«Анамның да қасында жүруім себеп болған шығар. Өйткені анам аудандық, облыстық ауруханада операциялық медбике болып жұмыс істеді, сонымен бірге кішкентай кезімде еріп барып отаға қатысып, өзім кірмесем де қасында қарап отыратынмын. Мүмкін, сол себеп болды. Есейген кезімде, мектеп бітіретін уақытта хирург болатынымды анық білдім», – деді нейрохирург Марат Алматов.

Бала арман Марат Серікұлын нейрохирургияға жетелеген. Бүгінде ол жұмысына адал қызмет етіп, мардымды жұмыс істеп келеді. Тіпті, көптің көңілінен де шығып үлгерген. Биылдың өзінде 200-ге жуық ота жасап, барлығын да сәтті аяқтапты.  

«Негізі, 18 жастан жоғары қарай береміз. Неге десеңіз, егер қарама-қарсы көрсеткіш болмаса, үлкен кісілерге де операция жасай береміз. Сондықтан бөліп-жарып айту қиын. Әрине, көбі - орта жастағылар. 35 жастан асқаннан кейін науқастар көбейе бастайды. Олардың көп келетін ең бірінші себебі - омыртқа жотасының аурулары. Остеохондроз, грыжа немесе скалиоз», – деді нейрохирург Марат Алматов.

Дәрігер жедел көмек көрсететін бөлімшеде жұмыс істейтіндіктен, емханаға жарақаттың түр-түрімен келетіндер көп дейді. Олардың арасында омыртқа және бас-ми жарақатымен түсетіндер жиі кездесетін көрінеді. Қазір нейрохирург эпилепсиямен күрестің жақсы жүріп жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ маман қажет болған жағдайда күніне бірнеше ота жасайтынын, тоқтаусыз 13 сағат бойы жұмыс істеген кездерінің болғанын да жеткізді.

«Нейрохирургия – хирургияның маңызды бөлігі. Салаға келген адам оған бүкіл өмірін арнайды. Жұмыс барысында да, одан кейін де, үйге барсақ та өз пациентіміздің жағдайына алаңдап, ойлап отырамыз. Таңертең қалай қарсы аламын деген ойлар жиі мазалайды. Бұл қасиет нейрохирург маманында болуы керек. Менің ойымша, Марат Серікұлы - дәл осы қабілетке ие бірден-бір дәрігер. Жұмыс барысында жиі ақылдасып, тәжірибе алмасып отырамыз. Оның өзін-өзі дамытудан еш шаршамайтыны қуантады. Бірге бір орталықта қызмет етіп жатқаныма қуанамын», – деді М. Алматовтың әріптесі Марат Мырзабаев.

Марат Серікұлы бүгінде өз ортасында зор беделге ие. Ол бүгінге дейін біліктілігін шыңдап, білімін арттыру үшін Ресей, Аустрия, Финляндия сынды мемлекеттерге де арнайы барып қайтқан. Бар тілегі елдегі нейрохирургия саласы өркендеп дами берсе дейді.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы    

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында заманауи емхана ашылады