Туберкулез, қант диабеті, онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдар қажетті дәрі-дәрмекке зәру

14.04.2021 20:57

70-ке жуық препарат осы уақытқа дейін сатып алынбаған

көрнекі сурет

Ауыр диагнозы бар адамдарға аса маңызды препараттар уақытылы жеткізілмей отыр. Аталған мәселені көтеріп, мәжілісмен Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, тізімдегі 70-ке жуық препарат осы уақытқа дейін сатып алынбаған. Салдарынан туберкулез, қант диабеті, онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдар қажетті дәрі-дәрмекке зәру болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгінде онкологиялық ауруханалардың есебінде 180 мыңнан астам азамат тіркелген. Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде олардың қатары 30 мың адамға көбеюде. Бұл науқастарға арналған дәрілердің, тіпті, 10 күнге кешігіп жеткізілуі ауыр жағдайға алып келуі мүмкін.   Осыған қарамастан менің ресми сауалдарыма СҚ-Фармация ақпараты бойынша онкологиялық науқастар үшін L-аспарагиназа, Винбластин, Деноcумаб, Метотрексат, Циклофосфамид секілді ісікке қарсы препараттар сатып алынбаған», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов.

Ал, депутат Жамбыл Ахметбеков Үкімет басшысына жолдаған сауалында көктемгі су тасқынына бөлінетін қыруар қаржының нәтижесі жоқтығын сынға алды. Бұл мақсаттарға 2020-2023 жылдарға 160 млрд. теңге бағытталған болатын.

«Осыдан келіп сұрақ туындайды. Нәтиже қайда? Әдетте, Төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенімізді мәлімдейді, ал көктемде еліміздің жүздеген елдімекендері су астында қалады. Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылымдар бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі. Міне, жағдай жыл сайын осылай қайталана береді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков.