ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметі бойынша елімізде 6-9 жастағы балалардың 20,6%-ы артық салмаққа шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес аурулар ауыртпалығының өсуі денсаулық сақтау жүйесіне де, жалпы ел экономикасына да жүктеменің ұлғаюына ықпал етеді.
Қазақстандағы барлық өлім-жітімнің 84%-ға жуығының себебі инфекциялық емес аурулар болып отыр. Соңғы зерттеу деректері бойынша жүрек-тамыр аурулары, қант диабеті, созылмалы респираторлық және қатерлі ісік аурулары сияқты инфекциялық емес аурулардың төрт негізгі тобынан мезгілсіз қайтыс болу ықтималдығы ер адамдарда әйелдермен салыстырғанда 27% жиі кездеседі», - деді министр Үкімет отырысында.
Ведомство басшысы 6-9 жастағы балалардың арасында артық дене салмағына шалдыққандардың үлесі – 20,6% болғанын атап өтті.
«Оның ішінде балалардың 6,6%-ы семіздікпен ауырады. Қант диабетімен сырқаттанушылықтың 62%-ға өскені байқалады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы бағалауы бойынша инфекциялық емес аурулардың 4 негізгі тобын емдеуге 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты экономикаға жұмсалғатын шығындар денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығындардан 6,5 есе асып түседі және жылына 2 трлн теңге болды.
Жалпы Қазақстан экономикасына инфекциялық емес аурулар келтірілетін ағымдағы залал жылына 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл елдің жылдық жалпы ішкі өнімнің 4,5%-на тең», - дедіАжар Ғиният.