Ота бір сағатқа созылды
Алматы онкологиялық орталығына ұйқы безі құйрығының ісігі бар науқас түсті. Дәрігерлер көкбауырды сақтайтын дистальды ұйқы безінің резекциясы (Кимур отасы) бірегей шағын инвазивті ота жасауды ұйғарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық ДСБ-ға сілтеме жасап.
Бұл ота еш кесусіз - лапароскопиялық әдіспен жасалады, ең бастысы, мұндай ота кезінде дәрігерлер көкбауырды сақтап қалады. Бұл пациенттің денсаулығы үшін маңызды, өйткені көкбауыр - бактерия мен вирустармен күресу үшін қанды сүзуге және антиденелерді өндіруге қатысатын орган.
Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі MD-PhD Нұрлан Балтаев атап өткендей, тармақтар көкбауырдан ұйқы безінің құйрығына дейін созылады, сондықтан көкбауырды сақтап қалу үшін барлық тармақтарды тауып, оларды бітеу керек болды.
«Бұған дейін мұндай диагноз кезінде көкбауырды ісікпен бірге алып тастайтынбыз. Қазір жаңа әдістер мен құрал-жабдықтардың арқасында көкбауырды сақтай отырып, осындай оталарды жасай бастадық. Аталған ота бір сағатқа созылды. Ота кезінде көкбауырды құтқару үшін біз ұйқы безінің құйрығына тікелей баратын барлық тармақтарды тауып, оларды бітедік. Барлығы жақсы өтті. Науқастың көкбауырын сақтап, ісікті алып тастадық, ол гистологиялық зерттеуге жіберілді. Науқас отадан кейінгі келесі күні бөлімшеге ауыстырылды», - деп атап өтті ол.
Мұндай ота кесусіз жасалады, демек аз мөлшерде қан жоғалтумен ерекшеленеді және отадан кейінгі алғашқы күндерде-ақ науқас қалпына тезірек келіп, отадан кейінгі асқынулар барынша азая түседі.
Онкологтар диагноздың дер кезінде қойылуы толық сауығуға мүмкіндік беретінін тағы бір ескертеді!